Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды,- деп хабарлайды Xnews ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, премьер-министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды.
Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.
Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді.
Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткені туралы хабарладық.