Арман Оспанов ресейлік Расул Мирзаевті нокаутпен жеңді (видео)

Қазақстандық файтер Арман «Сұңқар» Оспанов (9-3) Алматыдағы Absolute Championship Akhmat 105 турнирінің басты жекпе-жектерінің бірінде ресейлік Расул «Қара жолбарыс» Мирзаевты (18-2) жеңді, деп хабарлайды Xnews ақпарат агенттігі.

5 раундқа шақталған жекпе-жек алғашқы раундта аяқталды.  Ресейлік спортшы жекпе-жекті ширақ бастаған. Дегенмен қорғана жүріп айқасқан Арман қарсыласының осал тұсын таба білді. Рефери Мирзаев біраз дәл соққы өткізіп, қорғана алмай жатқандығын көріп айқасты тоқтатуға мәжбүр болды.

Бұл – Арман Оспановтың кәсіби ММА-дегі оныншы жеңісі. Расул Мирзаев болса үшінші рет жеңіліп отыр.

Кездесуден кейін сөз алған спортшы о баста отанында жекпе-жекке шыққысы келмегенін айтты.  

«Қарсыласыма шексіз алғыс білдіргім келеді, оны қатты құрметтеймін. Оған мұнымен тоқтама, алға жүр, сені әлі талай жеңіс тосып тұр дегім келеді. Барлық жанкүйеріме рахмет айтам! Қолдауларыңызға мың алғыс! Жанкүйерлер энергиясы қыздыра түсті. Басында отанымда жекпе-жек өткізгім келмеген. Осы октогонда жеңілген кездерім де болды. Ол кезде мен бразилиялық спортшымен шыққанмын. Содан кейін Қазақстанда кездесу өткізбеймін деп өзіме сөз берген едім. Ол кезде қатты толқыныста болдым. Бірақ Аллаға шүкір, бәрі қолдан келді. Командама, ұйымдастырушыларға, барлығына алғысымды білдіремін!«, – деді Оспанов.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Арман Оспановтың бірнеше соққысынан соң Расул Мирзаевтың жағы екі жерден сынып кеткен. Мирзаев жекпе-жекті тоқтатқан рефериге наразылық білдіргендей болған. Дер кезінде тоқтатпаса, салдары бұдан да ауыр болар еді.

Марапаттау кезінде Мирзаев жағын қайта-қайта ұстап тұрғанын байқауға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*