«Волонтер жылы» студенттердің шәкіртақысы 25% өседі

Келер жылы студенттердің шәкіртақысы 25 процентке өседі, деп хабарлайды «Хабар 24»
Жастар жылын қорытындылаған жиында Мемлекет басшысы осылай деді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі буын өкілдерін қолжетімді баспанамен қамтуға пәрмен берді. Енді Үкімет жастар саясаты туралы кешенді бағдарлама әзірлеп, заң жүзінде бекітетін болады.
Кешен іші қым-қуыт. Адамдар сапырылысып жатыр. Әне-міне дегенше Президент те келеді. Жауаптылардың жанталасып жатқаны сондықтан.
Белсенді жастар осы мінберден сөз сөйлейді. Мемлекет басшысымен кездесу өзгеше форматта өтеді. Сондықтан сахнаны да басқаша безендірген. Тіпті, еденге де арнайы белгілерді жабыстырып әлек.
Көп ұзамай Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Алдымен жастар жылында сәтті жүзеге асқан жобалармен танысты.
Кейінгі буынның бәсі басым қазір. Олар түрлі салада табысты еңбек етуде. Ісін өздігінен өрге домалатқаны да, мемлекеттен қолдау тапқаны да бар.
Сабақты ине қашан да сәтімен. Осыған дейін басқаның босағасын паналап, пәтерден-пәтерге көшкен жастарды көрдік. Биыл соларға жалдамалы баспана берілді. 3 мыңға жуық жас маман мемлекеттің шарапатын көрді. Игі бастама әлі де жалғасын табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана болады. Биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы 3 жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Осыған орай республикалық бюджеттен қосымша 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлеміз.
Баспанаға зар болған Бағдат Ахметжановтың қазір жай-күйі жақсарып келеді. Тапқан табысы бұрын пәтер ақысынан арылмайтын, ал қазір ақша жинауына мүмкіндік туыпты.
Бағдат Ахметжанов, Алматы қаласының тұрғыны:
– Жастар жылы аясында атқарылып жатқан істер орасан зор. Соның бірі – жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы. Мемлекеттің қамқорлығына бөленіп, жалға пәтер алу бақытына қол жеткіздім. Алдыңа мақсат қойып, оған жетудің бір ғана жолы бар. Ол талмай еңбек ету. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік бәріне бірдей. Оған жету үшін өзіңнің талабың мен білімің болуы қажет.

Талаптанған жастардың тасы өрге домалып жатыр. Ептілері кәсіп ашып, соның нәсібін көруде. Енді бірі шалғайдағы елді мекендерге барып, ауыл жұртына қарайласуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Елдің тәуелсіздігін, оның шекаралық тұтастығын тек ақылмен, ішкі және сыртқы саясатты сәтті жүргізумен ғана сақтап қалуға болады. Жұдырық болып жұмылғанда ғана біз біртұтас ұлт боламыз. Сондықтан жастарға жүктеліп отырған басты міндет – осы тұтастықты ыдыратып алмау.

Осыған дейін елімізде жастарды жарылқайтын жобалар кемшін еді. Көбі көмектесеміз деп, көпе-көрнеу көсілетін. Мемлекет басшысы осы олқылықтың орнын толтыратын кез жетті деді. Сөйтіп, Үкіметке жастар саясаты жөнінде кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірыңғай бағдарлама өскелең ұрпақтың өзекті проблемаларын шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастарымыз үшін қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін Қазақстанның қай жерінде, қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс.

Жастарды қолдауға бағытталған шаралардың көп екені анық. Бірақ жүйелі түрде жүзеге асқаны санаулы. Сарапшылар жаңа кешенді бағдарламада отбасы құндылықтары да шет қалмауы тиіс дейді. Өйткені, елімізде дәм-тұзы жараспай жатқан жұптардың қатары сиремей тұр.
Дәулет Кәрібек, «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:
– Ең бірінші біз жастардың арасындағы отбасы құндылықтарын сақтауды, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруымыз керек. Біз қазір алып жатқан білімнің өзі 3-4 жылдан кейін ескіріп қалуы мүмкін. Сондықтан үздіксіз өзін-өзі дамытуға және жастардың әрі қарай тұлғалық негізде өсуіне жағдай жасайтын бағдарламаға айналуы керек.

Мемлекет үшін қазір ең маңызды міндеттің бірі – жастарға сапалы білім беру. Мемлекет басшысы диплом сатып, құлқы қамын күйіттеп жүргендермен мықтап күресуді тапсырды. Ал білімге ынтық жастарды демеуге шақырды. Сөйтіп, келесі жылдан бастап Президент пәрменімен студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өсетін болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін білемін. Бұл мәселеге көңіл бөлінбей қалды. 2016 жылдан бері стипендия көбейген жоқ. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтиды. Мұндай қолдау колледж студенттеріне де көрсетілетін болады.

Ақжолтай осы ақпар білімгерлерді қуантып тастағаны анық. Жиналған жастардың жүзі бал-бұл жайнап, қол шапалақтаумен болды.
Темірлан Қайыржанов, «Тұран-Астана» университетінің магистранты:
– Студенттер қашан да қолдауға зәру. Президент келесі жылы студенттердің шәкіртақысы өседі дегенде, бөркімізді аспанға атуға шақ қалдық. Осының өзі бізге үлкен көмек.

Жастар мәселесін шешу биылғы жылмен шектеліп қалмайды. Ол қашан да өзекті болған, әлі де өткір болып қала бермек.
Мадияр Қожахмет, ҚР жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
– Ғылыммен айналысып жатқан жастарға қолдау көрсету – біздің басым бағыттарымыздың бірі. 2020-2022 жылдарға арналған бағдарлама әзірленді. Жыл сайын 3 млрд теңге жастардың ғылыми жобаларын қаржыландыруға бөлінеді.

Есте болса, Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды еріктілер жылы қылып бекіткен еді. Жауаптылар волонтерлардың ресми белгісін бүгін көпшілікке көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– «Сабақтастық» жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына ала алады. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды, олар ауырған адамдарға жәрдем көрсетеді. «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. «Асыл Мұра» бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартады. «Қамқор» бастамасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысын қамтамасыз етеді. «Білім» жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыстарына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектеседі. «Үміт» жобасы бойынша еріктілер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.

Ерікті болу – еріккеннің ермегі емес. Қоғамға қозғау салатын, зәру жанға қол ұшын созатын алдымен волонтерлар. Сондықтан Президент осы іспен айналысып жатқан жастардың шәкіртақысын біршама өсіру керек деді. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жастарға арнайы төсбелгі беріп, алғыс хаттармен марапаттады.
Волонтерлік – қазаққа жат емес. Бізде асарласу, мұқтаждарға қол ұшын созу сынды дәстүр бар. Осы игілікпен үндеседі. Сондықтан Президент елімізде еріктілер тобын дамытудың маңызы зор деді.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
– Жастар – елді қозғайтын күш. Кейінгі буынның кежегесі кейін тарпасын десек, қолдан келгенше қолдау көрсету қажет. Мемлекет басшысы қарым-қабілеті бар жастарды жасытпау керек деді. Олар да өз кезегінде мемлекет маған не берді емес, мен мемлекет үшін не істедім деген ойды алға жетелеуі тиіс. Сол кезде ғана ел қадамын ілгері бастыратын, елге сүйеу болатын дарындылар дараланып шыға бастайды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Түркістан: «Turan» арнайы экономикалық аймағы инфрақұрылыммен қамтылып жатыр

Түркістан өңірінде жаңа зауыттар ашу, кәсіпорындар салу жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл ретте инвесторлар мен ...

Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы бастамаларының жүзеге асырылу барысы мен оның Түркістан облысы экономикасына ықпалын қарастырды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласында бірқатар міндет қойды. Жыл соңына дейін Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін цифрландыруды аяқтау, ...