Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен «Көрме орталығында» әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Сондай-ақ аталмыш іс-шара аясында «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жүргізіп отырды. Кезекті комиссия отырысы мен марапаттау іс-шарасы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы және халықаралық Еңбек күні мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Кіріспе сөзінде шаһар басшысы 2021 жылдың 9 айында жұмыс беруші мекемелер тарапынан еңбек жалақысынан қарыз болған оқиғалар болмағанын тілге тиек етті. Өз сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы еңбек қауіпсіздігін сақтау, айлық жалақыны уақытылы төлеу, еңбек шартын орындау еңбек қатынастарында ең басты мәселе екенін және олар үшжақты комиссияның әрбір отырысында қаралатынын жеткізді. Еңбек қауіпсіздігі мәселесінде тиісті талапты орындап отырған мекемелер саны өте аз екенін мәлімдеді.
— Қалада 112 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі бойынша ұлттық және халықаралық стандарттарды енгізген. Солардың арасында үшеуі арнайы сертификат алды. Бұл мегаполис үшін өте төмен көрсеткіш, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, кәсіпорындарға қойылар талап үшеу: бірінші, жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екінші, жұмысшыларға арнайы киімдер әперу, үшінші, азаматтарға еңбек қауіпсіздігі шарттарын үйрету. Шаһар басшысы баяндамасында айлық жалақыны төлей алмай қалу қаупінің алдын алатын механизмді жетілдіру керектігін, кәсіподақ жұмысын күшейту қажеттігін және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі назардан түспейтінін қадап айтты.
Мұнан соң Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов және «Қалалық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Комиссия отырысының соңында 5 компания «Ancon», «Су ресурстары — маркетинг», «ПетроКазахстанОйлПродактс», «Mobil Plas Көмек» және «Химфарм» компаниялары «Парыз» конкурсының жеңімпаздары атанып, арнайы номинациялар бойынша Шымкент қаласы әкімінің қолынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Өз кезегінде «Еңбек жолы» байқауының жүлдегерлері Шымкент мұнай өңдеу зауытының қызметкері Рүстем Әбубәкіров, «Жоғары медицина колледжінің» тәлімгері Майра Сайлауова және «Химфарм» АҚ-ның жас маманы Яна Леденева тиісті аталымдар бойынша марапатталды.