Ғалымдар Шымкенттің Жібек жолы тарихи-мәдени кеңістігіндегі маңызы жайлы айтты — Xnews — ақпарат агенттігі

Ғалымдар Шымкенттің Жібек жолы тарихи-мәдени кеңістігіндегі маңызы жайлы айтты

«Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» халықаралық кездесуінің аясында «Шымкент Жібек жолының тарихи-мәдени кеңістігінде» тақырыбында пленарлық отырыс өтті.

Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті мәдени-тарихи мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева жүргізіп отырды. Отырыс барысында М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Серік Жүнісбаев «Шымкент ХІХ-ХХ ғасырларда: тарихи очерктер» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым тарихи очерктердегі Шымкенттің тыныс-тіршілігін баяндайтын үзінділер арқылы көне қала бейнесін сипаттап берді.

— Очерктердің бірінде «Шымкент Орынбор мен Ташкенттің арасындағы айрықша маңызға ие екінші қала. Табиғаты жайлы, суы мол аймақ» деп сипатталған, — деді ол.

Сондай-ақ, тәжікстандық тарихшы-ғалым Набиджон Рахимов «Ферғана-Сырдария дәлізінің коммуникация жүйесіндегі өзен жолы» туралы баяндама жасады. Ол Ұлы Жібек жолындағы сауда керуенінің тек дала жолымен емес, су жолымен де дамығанын атап өтті.

— Сырдария өзені Ферғана, Шымкент, Исфиджаб, Сайрам өлкесіне дейін керуен жолын жалғаған. Археологиялық зерттеулер Худжанд, Моншақтепе, Қосдиірмен, Шыназ, Сығанақ және Шымкент секілді қалалар Сырдария өзенінің бойындағы үлкен сауда орталықтары болғанын көрсетеді, – деді Н.Рахимов.

Қырғызстандық ғалым Бақыт Аманбаева «Ұлы Жібек жолының Ферғана-Сырдария дәлізінің әртүрлі учаскелерін және ұсынылатын объектілердің типологиялық әртүрлілігін үйлестіру» тақырыбында, ал, Түркіменстан Ғылым Академиясының тарих және археология институты директорының орынбасары Хан-Дурды Курбанов «Түркіменстан және Ұлы Жібек жолын жаңғырту: ежелгі және қазіргі заманғы даму» тақырыбында баяндама жасады.

Айта кетейік, халықаралық кездесу аясындағы тағы бір пленарлық отырыс «Шымкент қаласының археология, этнография, мұражайтану мәселелері» тақырыбында өрбіді.

Яндекс.Погода
x

Check Also

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...

Шымкентте «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында жастар кездесуі өтті

Шымкент қаласында еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді. ...