ҚАЛАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Шымшаһарда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қалалық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік жылдарындағы Құрметті азаматтар» атты көрмесі өтті.

Тыныбаев көшесінде орналасқан «Шымкент қаласының құрметті азаматы» аллеясында арнайы көрме жасақталды. Онда 1991-2021 жылдар аралығында «Құрметті азамат» атағын алғаш рет иеленген 130-дан астам құрметті азамат туралы маңызды әрі тарихи құнды мәліметтер көрермен қауымға таныстырылды. Көрмеге мегаполистің қоғамдық өмірін дамытуға ерекше еңбегін сіңірген азаматтардың жеке куәліктері, фото суреттері мен жеке кітаптары, жобалары, құжаттарынан құнды мәліметтері қойылған.

Мұрағат қызметкерлері ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес «Архив-20-25» кешенді жоспары бойынша қаланың өркендеуіне үлес қосқан азаматтар жайында кітап шығарылып жатқанын жеткізді. Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімін қалыптастыруға өз үлестерін қосатынын тілге тиек етті. Тарихты сақтаушылар шаһардағы мемлекет және қоғам, ғылым мен мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлеріне құрмет көрсетіп, олардың елеулі еңбегін насихаттамақ.

Сондай-ақ, іс-шара аясында А.Әзімбаев, С.Жанәбіл , С. Өтемісов сынды еңбегі елеулі азаматтармен сұхбат ұйымдастырылды. Құрметке ие болғандар жиында өздерінің еңбек жолын баяндап, табысқа жетудің сырымен бөлісті. Кездесу барысында жиналған көпшілік ой түкпіріндегі сауалдарына да тұщымды жауап алды.

x

Check Also

Қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтар саны артты

Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап қоғамдық көлікте 14 жекелеген санаттағы азаматтарға ...

Жоспар талқыланып, меже нақтыланды

Бүгін Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер төрағаларының қатысуымен «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында ...