Жыл өткен сайын Шымкенттегі қалаішілік жолдарда көлік кептелісі көбейіп келеді. Әсіресе, орталық көшелерде иін тірескен автокөліктер тығынын жиі көруге болады.
Атап айтқанда, Т.Рысқұлов және Д.Қонаев көшелері қаланың бір шеті мен екінші шетін жалғайтын ұзын көшелер. Содан болар, мұнда көліктердің кептелісінен туындайтын мәселелер аз емес.
Осы ыңғайсыздықтарды шешу мақсатында, қала әкімдігі Д.Қонаев — Т.Рысқұлов пен Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында жолайырық құрылысын салуды жоспарлаған болатын. Қазіргі таңда Д.Қонаев — Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бұл жобаның құрылысы жобалық-сметалық құжаттама бойынша 2 жылға жоспарланған болатын. Алайда қала орталығындағы ыңғайсыздықтарды ертерек жою үшін, құрылыс жұмыстарының мерзімі 1 жылға қысқартылды.
Құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Нысан құрылысына жауапты мердігер — «Bazis Construction» ЖШС. Жолайырықтың жалпы ұзындығы Д.Қонаев даңғылы бойынша — 1 030 метр, ал Т.Рысқұлов көшесі бойынша — 684,7 метр. Жолдың ені — 45 метр. Аталған жолайырықтар пайдалануға берілгеннен кейін көліктер тығыны едәуір азаяды.
Атап айтсақ, 2019 жылы Т.Рысқұлов (Д.Қонаев қиылысы) көшелерінің көліктерді өткізгіштігі 27775 авто/тәулік болса, жол құрылысы аяқталғаннан кейін 65820 авто/тәулік өткізу мүмкіншілігіне жоғарылайды. Сонымен қатар 2019 жылы Д.Қонаев (Т.Рысқұлов қиылысы) көшелерінің көліктерді өткізгіштігі 31650 авто/тәулік болса, жол құрылысы аяқталғаннан кейін 75900 авто/тәулік өткізу мүмкіншілігіне жоғарылайды.
Нәтижесінде, жалпы жол айрықтың көлік өткізгіштігі 141720 авто/тәулікті құрайтын болады. Ал Д.Қонаев даңғылын тоннель арқылы көліктердің қозғалысына ашу ағымдағы жылдың 10 қазанына, ал Т.Рысқұлов көшесін көліктердің қозғалысы үшін 20 қазанға дейін ашу жоспарланып отыр.