Шымкент қаласында физика-математика бағытын тереңдетіп білім беретін «Intellect» лицейі ашылды.
Асар шағынауданында заманауи үлгіде бой көтерген мектеп 5,6,7,8,9 сыныптарға арналған. Жалпы пәндер бойынша қосымша сабақтар жүргізіліп, шахмат, домбыра және тігін үйірмелері де жұмыс істейді.
Білім мекемесі 600 орынға арналған. Қазір мұнда жан басына қаржыландыру әдісімен 277 оқушы ақысыз білім алып отыр.
Лицейдің салтанатты ашылуына қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Шымкент қаласында 70 мектеп болса, қазір білім мекемелерінің саны 200-ге жуықтағанын, онда 250 мыңға тарта бала білім алып жатқанын айтты.
– Соңғы жылдары білім саласына инвесторлар тартылып, жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін жекеменшік мектептер көптеп салынуда. Бүгін сондай білім ұяларының тағы біреуі – «Intellect» физика-математика лицейі. Осының барлығы жас ұрпақтың білімді болуына мемлекеттің айрықша назар аударып отырғанын көрсетеді, -деді әкімнің бірінші орынбасары.
Салтанатты жиында «Ummet» қорының өкілдері оқушыларға мектеп формаларын сыйға тартты.