Шымкент қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жас ақындар арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бәйгеде жастар жарқырай көрінді.
Іс-шараның мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктерді насихаттау, жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру. Төл өнеріміз айтыстың жас буын өкілдері арасында жаңа есімдермен толығуына үлес қосып, дарынды жастарды қолдау. Аталмыш айтысқа 14 пен 29 жасқа дейінгі 30 айтыскер ақын қатысуға ниет білдіріп, іріктеу нәтижесі бойынша 16 ақын бақтарын сынады.
Қатысушыларға белгілі айтыскер ақындар мен елімізге танымал қоғам белсенділері өз бағасын беріп, қазылық етті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов жеңімпаздарды құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сайыс нәтижесі бойынша Ақмола облысының өкілі Нұрмахан Жақыпбек бас жүлде – «Күміс домбыра» иегері атанды. 16 ақынның ішінен оза шапқан жеңімпаз күмістен жасалған домбыра және бағалы сыйлыққа ие болды. Айшолпан Төлеутай (Шығыс Қазақстан облысы) 1-ші орынға ие болса, Бексұлтан Орынбасаров (Қызылорда облысы) 2-ші орын, Мейіржан Жақып (Түркістан облысы) пен Нұрғали Әнапия (Шымкент қаласы) 3-ші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, «Майлықожа Сұлтанқожаұлы» атындағы арнайы жүлде Бекжан Базарбекке (Алматы қаласы), «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде Айым Асылбекқызына (Нұр-Сұлтан қаласы) бұйырды. Барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.