Қажымұқан үйреткен қазақ күресі

Қай халықтың да салт-сана, ата дәстүр, ұлттық ойындары секілді ерекшеліктері болған. Рас, уақыт сырғыған сайын солардың қайсы бірінің кейбір тұстары жасарып, жаңару жолына түсіп те жатады. Бірақ, ол әуелгі ұлттық қағида жазылмаған ережеден айнымауы керек. Айныған кезде, сөз жоқ, ұлтты ұйытатын ұлттық ойындарға талас күмән туғызып, кейінгі ұрпақтың көңіліне кірбің түсетіні анық. Сондықтан, атам қазақ мұндай салмағы ауыр тұстарға, қай кезде де, халқымен санасып, жақсылар ата жолдан адастырмас аталы іс тындырған.

Бүгінде дүниежүзі көз тігетін олимпиадалық ойындар әр ұлттың ұлттық ойындарынан тарады десек, жалған болмас. Жасыратыны жоқ, Қызыл империя дәуірінде бір федерацияға біріктірілген сан ұлттың ұлттық ойындарының өз дәрежесінде өркендеуіне жазылмаған бұйрықпен «тұсау» салғанын көзіміз көрді, жанымыз сезді. Сонда да, әлем қызығатын болғандықтан, қазақтың ұшан-теңіз, ұлан-ғайыр даласында ойналатын ат ойындарынан, құс өнерінен өрбитін жергілікті спорт түрлерін, биік олимпиадалық ойындарға қосу жайлы әр деңгейде талпыныс болған. Енді міне, Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін, қазақтың ұлттық өнері мен спорты қарыштап өсіп келеді. Бұқаралық спортты көркейтуді Елбасының өзі үнемі қадағалап отырғанын ойласақ, қазақ ұлттық спортының жарқырап туар күні әлі алда деп ойлаймын.

Кешегі көнекөз қарттарымыздың бізге қалдырған әңгімелерін еске алсақ, қазақ күресінің тарихқа жазылып, ресми түрде әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз екен. Сол себепті де, 1927 жылы әлемдік аренада күрес өнерімен айрықша көзге түскен Қажымұқан балуанға Қазақ АССР Атқару комитеті Президиумының шешімімен «Қазақ даласының Батыры» атағы берілген.

Осы Қажымұқан атамыз 1940 жылдары төменгі Шу бойы елін аралап, лом темірден «белбеу» байлап, екі атан түйені күшпен шөгеріп, кеудесін гүрзімен ұрғызып, кузовына тұз тиеген мәшинені тартып тоқтатып, үстінен жүргізу сынды қауіпті өнерлерін көрсете жүріп, жарықтық кейінгі ұрпағының қалай өсіп келе жатқанын байқағысы келгендей балалар мен жас жігіттерді де күрестірген екен.

Сонда Қажымұқан балуан жиналған көрермен қауымға: «Тек, уыс тола ұстайтын белбеубен күресетін, балуандардың бірінің жауырыны жерге тимесе күрес «итжығыс» есептеліп, ұпай жинамайтын, жауырыны жер иіскемей жығылдыға жатпайтын қазақ күресінің қағидасын, жазылмаған халықтық ережесін әлемнің мықты балуандарына айтқанымда бапкерлер де, балуандар да, басын шайқап, көбісі менімен күресуге батпады. Далаға тән қазақ күресінің алыптығын сонда сезіндім», – деген екен.

Ал, қазіргі қазақ күресінің ережесінің «жұмсақтығы» сондай дзюдо, самбо, грек-рим сынды өзге ұлттардан тараған күреспен айналысқандар оп-оңай қазақ күресіне қатысып, жеңіске жете алатын болды. Мүмкін, бұл жарысқа түсер балуандардың қатарын көбейтуге керек шығар, бірақ, бүгін ата қағидадан айныған қазақ күресі ертең ұлттық сипатын жойып, бұрын қандай болғаны жайлы таласқа қалдырмасына кім кепіл?!

Жоғардағы Қажымұқан өзі ұйымдастырып, күрестірген ауыл күресін көрген ақсақалдардың айтуына қарағанда, Қажекең күресуге тиіс екі жігітті ортаға алып шығып, білектей өрілген екі белбеуді екі жігіттің беліне мықтап өзі байлап, екеуін белбеуден ұстатып, екеуінің иығына екі қолын тіреп тұрып күрестірген. Демек, уыс толмаса ол қазақ күресіне сай белбеу болып саналмаған.

Атам қазақ ұландарын қазақ күресіне шығарғанда «Не белбеу кетеді, не бел кетеді» деп тегін айтпаған. Соған қарағанда, белбеу – қазақ күресінің басты белгісі, символы десе де болады. Сондықтан, алдағы бәсекеде, өрнекті қазақы белбеулерімен спортшылар күрескені, белбеумен ұстап күресерде оны қазақша киінген дала төрешісінің бастағаны қазақи ұлттық қағидаға сай болмақ. Кейінгі жарыста кей спортшының ұпай бермес үшін төрт тағандап қулық жасағанын байқап жүрміз. Тіпті, қазақ күресіне тән бірін-бірі көтеріп лақтырудың орнына қарсыласының белбеуден қолын шығару үшін басымен сүзгендерін де көрдік.

Қазақ күресі Құдай қолдап Олимпиадалық ойындар тобына қосылар болса, шетелдіктер ұлттық күресіміздің қазақ ұлтына тән ерекшелігін іздейді. Өз басым осындай ұлттық ерекшеліктермен басқаларды тәнті етуге болатынын 2013 жылы Астанада өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінен анық байқап, көзім жетті.

Сондықтан қазір қазақша күрестің Олимпиадалық ойындар қатарына қосылуы үшін бәріміздің де бір кісідей атсалысқанымыз жөн.

Жапар Сатылғанов
Islam.kz (11.11.2015ж)

x

Check Also

Шымкент: Бірінші байлық — денсаулық

Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан бұл саланың дамуына да ерекше мән беріп келеміз. Бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі 42 ...

Түркістанда Сабыр Рақымовты еске алуға арналған халықаралық дода басталды

Түркістандағы «Olympic center» спорт кешенінде Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовты еске алуға арналған XXVIІІ халықаралық жарыс басталды. Еркін және ...