Шымкентте «Ұтқыр» әлеуметтік патрулі рейд жүргізді

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» ішінен ашылған «Ұтқыр» әлеуметтік патрулі қалада рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізуде. Патруль қызметкерлері іс-шара барысында Төле би көшесінің бойында орналасқан Қырғы базар маңында, Құрманбеков көшесінің бойында орналасқан №1 қалалық аурухана алдында және Республика даңғылының бойындағы Көмеш-Бұлақ базарының аумағында үй-күйсіз (қаңғыбастыққа) салынып жүрген азаматтарды орталыққа жеткізді.

«Орталыққа жеткізілген азаматтарға алғашқы медициналық көмек түрлері көрсетілді. Жеке гигиеналық жұмыстар жүргізіліп, төсек-орынмен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек түрлерін айқындайтын боламыз», — дейді мекеме басшысы Мұхит Нышамбаев.

Мекеме кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты жері жоқ, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді. Орталықта қазір 140–тан астам азамат қызмет алуда. Орталық қызмет алушыларға құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға орналастыру, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегіне тұрғызу секілді әлеуметтік көмектер көрсетеді.

Сонымен қатар, орталықта қызмет алушылардың еңбек дағдыларын арттыру, психикалық күйзелістен шығарып, көңіл-күйлерін көтеру және денсаулықтарын нығайту мақсатында күнделікті таңертеңгілік серуендер ұйымдастырылады. «Хайуанаттар бағы» бұрышын тамашалайтындар да бар. Олар саябақта серуендеп, ғажайып құс саналатын тауыстарды, кептер мен көжек, қояндарды тамашалай алады. Жануарларды күтіп-баптауға қызметкер мен ветеринар-дәрігер жұмылдырылған.

 

x

Check Also

Құқықтық қолдау — халыққа!

Бүгін Қазақстанның барлық ірі қаласында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы бастау алды. Шараның мақсаты — халықтың құқықтық сауатын арттыру және ...

Шымкентте балалардың қауіпсіздігіне арналған республикалық акция өтті

2025 жылдың 22 мамыры мен 1 маусымы аралығында елімізде «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бастама балалардың құқықтарын ...