Қолымызға тарихи деректерге толы құжат түсті. Мұнда ұлт қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияровпен тізе қосып еңбек еткен көрнекті тұлғалардың бірі Абылай Серғазиев туралы толымды деректер бар. Иә, біздің тарих әлі толық зерттеліп болмаған тарих. Мұрағатта елеусіз жатқан құжаттар арасынан тағы бір тың деректің қолымызға тиюі осы ойымызды қуаттай түседі.
Саналы ғұмырын елінің болашағы үшін сарп еткен репрессия құрбаны Абылай Серғазиев Самарқан облысы, Жызақ уезінің Пістелітау болысында 1896 жылы дүниеге келген. Орыс-түзем мектебін бітірген ол ана тілінен бөлек өзбек, парсы тілдерін де меңгерген. Училищеге оқуға түсіп, есепші мамандығын алып шыққан. Алғашқы еңбек жолын ауыл болысында іс жүргізуші болып бастап, еңбек ете жүріп білімін одан әрі жетілдіре түседі. 1916 жылы Түркістан оқытушылар семинариясына оқуға қабылданып, сол жерде Тұрар Рысқұловпен, осы институттың 4-ші курсында оқып жүрген Сұлтанбек Қожановпен, тілші Иса Тоқтыбаевпен танысады.
А.Серғазиев Каттақорған орыс-түзем мектебінің меңгерушісі қызметін де атқарған. «Иттифоқ» қоғамын ұйымдастыруға қатысып, елдің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлген ол халықты ашаршылықтан аман алып қалуға атсалысқан. Кейіннен бұл ұйым «Самарқан уездік-қалалық жұмысшы, солдат және мұсылман Кеңесі» болып өзгерген. Сол кезде А.Серғазиев оқытушылық қызметімен бірге уездік атқару комитетінің мүшесі, Каттақорған қалалық ішкі істер комиссарының орынбасары қызметін атқарған. Бұл кезде елді жаппай ашаршылық жайлаған болатын. Түркістан өлкесі бойынша аштыққа қарсы күресу комиссиясының төрағасы Т.Рысқұлов, комиссияның жер-жердегі жетекшілері
С.Қожанов, С.Асфендияровпен бірге Самарқан өңіріндегі бұл маңызды іске А.Серғазиев те атсалысты. Саяси мәселелерден бөлек, ол өңірді суландыру ісіне де бел шеше кіріскен. 1918 жылы Самарқан облысы суландыру бойынша 5 округқа, 10 ауданға бөлінген екен. Ирригацияны тіктеу, игерілмеген жерлерді қосу арқылы мақталық алқапты 100 мың десятинаға көбейтіп, Зарафшан өзені бойында Дуплин су қоймасын салу жұмыстарына қатысқан. Осы еңбектері ескеріліп, 1919 жылы Самарқан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына жоғарылатылған. Одан кейін комитет төрағасы қызметіне көтерілген.
Екі миллионға жуық халқы бар көне шаһарда атқарылатын істер өте ауқымды еді. А.Серғазиев ең әуелі тоқыма өнеркәсібін дамытып, күнделікті өмірге қажетті тұрмыстық бұйымдар өндіру ісіне айрықша мән берген. Теміржол қатынасын жолға қойып, адамдарды еңбекке жұмылдырған. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дайындаған астықты ауылдық жерлерге жеткізіп, оның теңдей бөлінуін қадағалаған. Еселі еңбегімен көзге түскен ол 1920 жылдың қаңтарында Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Түркістан Республикасы Ішкі істер комиссары болып тағайындалған. Бұл жұмысты үш жыл атқарып, 1923 жылдың қаңтарынан 8 тамызына дейін Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы болған. Одан кейін Оқу-ағарту халық комиссары қызметіне бекітіліп, оқулықтар мен көмекші құралдарды әзірлеу ісін қолға алған. М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағын және М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» атты 4 перделі драмасын баспаға әзірлеген. Жетекші мектептер үшін көмекші құралдар шығарған.
1924 жылдың соңында А.Серғазиев Орынборға қызмет ауыстырып, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары, республикалық Жоспарлау комитеті төрағасы болып тағайындалды. Бірақ, көп ұзамай Қазақ АССР КП ОК-нің хатшысы Ф.Голощекин тарапынан қудаланып, қызметінен кетуге мәжбүр болады. 1937 жылы тұтқындалып, «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілген. Осылайша ел үшін еңбек еткен аяулы тұлға зұлмат жылдардың құрбанына айналып кете барды. Сот шешімімен 1957 жылы қарашада ақталған Алаш ардақтысына қандай айып тағылғаны, не үшін атылғаны және ақталғаны жайлы әзірше ешқандай құжат жоқ.
Саналы ғұмырын қазақ халқының болашағына арнаған арда азаматтың ұрпағы да Отан үшін от кешкен азаматтар. Оның үлкен ұлы Шамиль Абылайұлы ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданда қаза тапты. Кенжесі Руслан да Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 2015 жылы 91 жасында Мәскеуде Жеңістің 70 жылдығына орай өткен шеруге қатысып, Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің қолынан сыйлық алды.
Қайраткер ұлдың ұрпағы, яғни Серғазы, Сұлтан, Нәлібай, Шералы есімді ағайынды азаматтардан тараған, бүгінде Жетісай ауданында тұратын Асқар Сұлтанов ағамыздың айтуынша Абылай Серғазиев қазақ астанасын Қызылордаға көшіруге де атсалысқан екен. Бұл туралы облыс архивінде де құжаттар сақталған. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы мемлекеттік орталық архивінен алынған құжаттар да аз емес. Солардың ішінде 1922 жылы А.Серғазиевке «Қызыл Жұлдыз» ордені берілгені туралы құжат бар. Сонымен қатар, маршал Буденный Абылай Серғазиевке сыйға жеке атаулы «Маузер» пистолетін және «Күміс қылыш» бергені туралы жазылған. Бұл жәдігерлер бүгінде Өзбекстанның Ұлттық музейінде сақтаулы тұр.
…Еліміз егемендік алғалы Алаш ардақтыларының есімдері ұлықталып жүр. Біз жоғарыда сөз еткен Абылай Серғазиев те солардың қатарында аталғанымен, әлі ешқандай көшеге, саябаққа оның есімі берілген емес. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу мақсатында мемлекеттік комиссия құрылғаны мәлім. Енді осы комиссия тобының жұмысы нәтижесінде құпия ақпараттар ашылып, тарих қойнауында жатқан талай дүниелер жарыққа шығады деген сенім бар.
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары