Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында өңірлік «Адал кәсіпкер» байқауы конкурстық комиссиясының отырысы өтті. Комиссия түскен өтінімдерді қарап, бес номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Байқау Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бекіткен «Заң және тәртіп» идеологемасын ілгерілету жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарының 78-тармағы аясында өткізілуде. Оның мақсаты – адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру және заңды сақтап, ашық жұмыс істейтін бизнесті ынталандыру.
Отырысты комиссия төрағасы, Палата директорының орынбасары Бахытжан Куралбаев жүргізді. Комиссия құрамына Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Берік Қаипов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Төлендиев және облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Бауыржан Адильханов енді.
Комиссия хатшысы байқауға облыстың бес кәсіпорнынан өтінім түскенін және олардың барлығы Ереже талаптарына сай екенін баяндады. Қатысушылар салық тәртібі, әлеуметтік жауапкершілік, еңбекті қорғау және қауіпсіздік, бизнестің ашықтығы және іскерлік бедел өлшемдері бойынша 100 балдық жүйемен бағаланды. Салық тәртібі бойынша мәліметтерді Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынды.
Бағалау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
• «Үлгілі салық төлеуші» – «Майлыкент Сүт» АӨК (Түлкібас ауданы);
• «Әлеуметтік жауапты бизнес» – «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы ҚБ (Сауран ауданы);
• «Қауіпсіз өндіріс» – «Наурыз-5» ЖШС (Сайрам ауданы);
• «Ашық бизнес» – «Bah_Asmar» ЖШС (Сарыағаш ауданы);
• «Үздік шағын бизнес» – «Арай» өндірістік кооперативі (Арыс қаласы).
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары