Жуырда Түркістанда «Сырдария өзені алабының орта және төменгі ағысындағы түркі мәдениеті» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылыми жиынды «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (ИРСИКА) ұйымдастырды.
Халықаралық жиынға ғалымдар, зерттеушілер, сала мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін қоса алғанда, 400-ден астам адам қатысты.
Ғылыми жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (ИРСИКА) Ғылыми зерттеулер және жарияланымдар бөлімінің жетекшісі, PhD, профессор Женгиз Томар, ИРСИКА профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов, Ислам зерттеу орталығының бас хатшысы (ИСАМ), доктор Меһмет Камил Яшароглу, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі, ғылым докторы, профессор Пейами Баттал құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмыстарына сәттілік тіледі.
Конференцияны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Ерлан Дакенов жүргізді. Жиын пленарлық отырыспен жалғасып, зерттеушілер ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Мамандар Отырар, Ясы, Сауран, Сығанақ секілді көне қалалардың тарихын, археологиялық жәдігерлерді, жазба мұралар мен түркі мәдениетінің рухани сабақтастығын талқылады.
Конференцияның басты мақсаты – Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойындағы ислам мәдениетінің қалыптасуы мен дамуын тарихи, археологиялық, сәулет, жазба және рухани мұралар негізінде кешенді зерттеу, өңірдің ислам өркениетіндегі орнын ғылыми тұрғыдан зерделеу.
Сырдария алабы ғасырлар бойы Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени байланыстары тоғысқан маңызды аймақ болды. Отырар, Ясы, Сауран, Сығанақ секілді тарихи қалалар ислам мәдениетінің таралуына, білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосты.
Конференция барысында Сырдария алабындағы ислам мәдениетінің тарихи дамуына қатысты жаңа ғылыми деректер мен зерттеу нәтижелері таныстырылып, қарары қабылданды.
Азамат ӘЛІБЕК,
баспасөз хатшысы.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары