Шымкентке 40-қа жуық шетелдік журналист пен блогер келді. Республика күніне орай ұйымдастырылған халықаралық пресс-тур аясында олар мегаполистің тарихи-мәдени мұрасымен, ұлттық дәстүрлерімен және туристік әлеуетімен танысуда. Үш күнге жоспарланған сапар барысында қатысушылар қаланың көрікті жерлерін аралап, алған әсерлері негізінде өз аудиториясына арналған материалдар әзірлейді.
Шымкент – тарихы терең, мәдениеті бай, қонақжайлығымен ерекшеленетін шаһар. Соңғы жылдары мұнда туризмді дамытуға, тарихи орындарды танытуға және шетелдік саяхатшыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп келеді. Халықаралық пресс-тур да осы бағыттағы жұмыстарды кеңінен насихаттауға арналған.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбековтің айтуынша, мұндай шаралар қаланың туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттырып, халықаралық деңгейде оң имидж қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сапар бағдарламасында Шымкент пен оңтүстік өңірдің тарихи орындарын аралау, қазақ халқының салт-дәстүрі және ұлттық өнерімен танысу қарастырылған. Қонақтарға өңірдің мәдени мұрасы туралы мәлімет беріліп, дәстүрлі өнер түрлері көрсетіледі.
Көшпенділер мәдениеті шетелдік журналистің назарында
Пресс-турға қатысушылардың бірі – Түркиядан келген 24 жастағы журналист Энес Шахин. Қазақстанға алғаш рет келген ол қазақ халқының тарихы мен көшпелі өркениетіне ерекше қызығушылық танытып отыр.
Шымкенттегі сапары кезінде журналист дәстүрлі киіз үйдің құрылымымен, оның бөліктерінің мәнімен және ұлттық ою-өрнектердің ерекшеліктерімен танысты. Ол қазақ халқының мәдени мұрасы туралы материал әзірлеп, алған әсерін Түркиядағы аудиториясымен бөлісуді жоспарлап отыр.
«Бұл – менің Қазақстан мен Шымкентке алғашқы сапарым. Мені адам ретінде де, журналист ретінде де көшпенділердің өмірі мен тарихы қатты қызықтырады. Қазақтың киіз үйінің құрылымы, ұлттық ою-өрнектер және олардың ата-бабаларымыздың тарихымен байланысы туралы Түркия тұрғындарына айтып бергім келеді», – дейді Энес Шахин.
Бағдарлама аясында шетелдік қонақтар ұлттық өнермен танысып қана қоймай, садақ атудан да бақ сынайды. Сондай-ақ олар жергілікті «Ордабасы» футбол клубының қатысуымен өтетін матчты тамашалап, қаланың спорттық өмірімен танысады.
Туристік әлеуетті танытудың тиімді жолы
Шымкентте халықаралық пресс-тур төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай бастамалар шетелдік журналистер мен блогерлер арқылы қаланың тарихын, мәдениетін және туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға танытуға бағытталған.
Шетелдік БАҚ-та жарияланатын мақалалар мен репортаждар мегаполистің туристік тартымдылығын арттырып, қалаға келуге ниетті саяхатшылардың қызығушылығын оятуы мүмкін. Сонымен қатар туризмнің дамуы қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көрсету салаларына да оң ықпал етеді.
Республика күніне орай ұйымдастырылған ақпараттық сапар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытуға мүмкіндік береді. Шетелдік журналистердің жарияланымдары арқылы Шымкенттің тарихи ерекшелігі мен туристік мүмкіндіктері кеңінен насихатталып, қаланың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға жол ашылады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары