Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін жетілдіруге бағытталған реформа қолға алынды. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды отбасының нақты әл-ауқаты мен мұқтаждық деңгейіне қарай ұсыну, бюджет қаражатын әділ әрі тиімді бөлу. Жаңа өзгерістер жайында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазіргі таңда республикалық бюджеттен әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрі төленеді. Оларды алушылар саны 3,2 миллион адамды құраса, жыл сайынғы шығын көлемі 2,1 триллион теңгеге жетеді. Осыған байланысты әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау көзделіп отыр. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің 14 түрін тағайындау кезінде Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталатын әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, әл-ауқаты жоғары «А» және ауқатты «В» санаттарына жататын отбасыларға аталған 14 төлем түрі бойынша жәрдемақы тағайындалмайды» — деді спикер.
Басқарма басшысының айтуынша, өзгеріс — әлеуметтік қолдауды толығымен алып тастауды емес, оны нақты қажеттілікке қарай бағыттауды көздейді. Егер отбасының әл-ауқаты төмендеп, төмен санатқа ауысса, тиісті әлеуметтік төлемдерді алу құқығы қайта қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, әрбір төлем бойынша құқық жеке қаралады және зейнеткерлерге қатысты жекелеген ерекшеліктер ескеріледі.
Отбасының әл-ауқаты бес санат бойынша бағаланады. Олар: «А» – әл-ауқаттың жоғары деңгейі, «В» – ауқатты деңгей, «С» – қанағаттанарлық деңгей, «D» – экономикалық осал деңгей және «Е» – экономикалық әрі әлеуметтік осал деңгей. Бағалау үшін азаматтардан қосымша құжаттар талап етілмейді. Отбасының әлеуметтік жағдайы мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде автоматты түрде айқындалады. Бағалау барысында отбасының табысы, құрамы, жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары, кәсіпкерлік қызметі, жері мен малы, еңбек қызметі, әлеуметтік төлемдері және қаржылық міндеттемелері ескеріледі. Бұл мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен, кредиттік бюролар мен екінші деңгейдегі банктерден алынады.
Реформаның басты мақсаты – мемлекеттік шығыстарды қысқарту емес, әлеуметтік ресурстарды әділ бөлу және қолдауды мұқтаж азаматтарға бағыттау. Оңтайландыру нәтижесінде үнемделген қаражат — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына жұмсалуы көзделген.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары