Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетіп, бизнестің дамуына мүмкіндік беретін түрлі құралдарды іске асыруда. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылған қор бүгінде микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған мемлекеттік қаржы институты болып табылады. Қордың жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.
2026 жылдың басынан бері Шымкент қаласында қордың қолдау құралдары арқылы жалпы 330 жоба қолдау тапты. Кәсіпкерлерге кепілдік беру, жеңілдетілген қаржыландыру, несие пайызын субсидиялау және қаржылық емес қолдау бағдарламалары ұсынылады.Кәсіпкерлерді қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – «Іскер Аймақ» бағдарламасы. Оның аясында несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 40 пайызы субсидияланады. Бағдарлама әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін де қамтиды. Несие сомасы 200 млн теңгеге дейін, мерзімі үш жылға дейін белгіленген.
Қолдау негізінен өңдеу өнеркәсібі мен экономиканың жекелеген салаларына бағытталған. Басым бағыттарға азық-түлік, сусындар, тоқыма, киім, химия, фармацевтика, металл, электр жабдықтары, жиһаз және басқа да өнімдер өндірісі кіреді. Шымкент қаласында полиграфия, жүк тасымалы, қоймалау, бағдарламалау, мектепке дейінгі білім беру және аурухана қызметтері де қосымша бағыттар ретінде қарастырылған. 2026 жылдың басынан бері субсидиялау құралы бойынша қалада жалпы 56 жоба қолдау тапты. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қорының кепілдік құралдары қаржыландыру алуға жол ашады.
«Даму» қорының қолдау құралдары кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттырып, бизнестің дамуына және жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Шымкент қаласында қолдау тапқан жобалар саны мен қаржыландыру көлемі шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызын көрсетеді.
Толығырақ: https://youtube.com/live/BnO9BEob0oM
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары