Ұлттық мұраны ұлықтаған «Текемет fest» — Xnews — ақпарат агенттігі

Ұлттық мұраны ұлықтаған «Текемет fest»

Қазақтың дәстүрлі қолөнері – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан рухани мұра. Әсіресе, жүннен бұйым жасап, киіз басу өнері – атадан балаға жалғасқан ұлттық шеберліктің бір көрінісі. Осы құндылықты кеңінен насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Шымкентте өткен «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивальге еліміздің әр өңірінен келген қолөнер шеберлері мен өнерпаздар, сондай-ақ, Қырғызстаннан арнайы келген өнерлі жандар қатысты..

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы ұйымдастырған шара ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қолөнерді дәріптеп, ұлттық мұраны жаңғырту және оны кейінгі буынға аманаттауды мақсат тұтты.

«Этноауыл» кешенінде өткен фестивальде қазақтың киіз бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, көпшілікке текемет жасаудың дәстүрлі тәсілдері көрсетілді. Шеберлер жүнді өңдеуден бастап дайын бұйымға дейінгі күрделі үдерісті көзбен көрерменнің алдында орындады. Илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау, түр салу сынды жұмыстардың әрқайсысының өзіндік мәні бар.

Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл процестердің артында халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі жатыр. Әжелердің қолынан шыққан әрбір текеметте ұлттық ою-өрнекпен бірге отбасы жылуы, эстетикалық талғам мен шеберлік сабақтастығы сақталған. Фестиваль барысында осының бәрі көпшілікке кеңінен таныстырылды. Ал, киіздің жасау барысы LED экран арқылы көрсетіліп, көрермендер текемет басудың қыр-сырын жақыннан тамашалауға мүмкіндік алды.

Шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы төрағасының орынбасары Мөлдір Оңдасынова ұлттық дәстүрді дәріптеудің маңызына тоқталды.

– Біз осындай ұлттық құндылықтарымызды әрдайым дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек. Себебі, салт-дәстүр – халқымыздың болмысын айқындайтын рухани негіз. «ТЕКЕМЕТ FEST» фестивалі атадан балаға жалғасқан қолөнер дәстүрін жаңғыртып, ұлттық өнерімізді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берді. Осы фестивальге арнайы Қырғыз елінен келген өнерлі ханымдарға алғысымызды білдіреміз. Бауырлас елдердің мәдени байланысын нығайтып, ортақ құндылықтарды бірге дәріптеу – біз үшін үлкен қуаныш, – деді ол.

Фестивальдің де ерекшелігі – қазақ пен қырғыз халқының қолөнеріндегі ортақ үндестіктің көрініс табуында болғаны рас. Текемет өнері екі халықтың да тұрмысында ежелден ерекше орын алған. Сондықтан Бішкек қаласынан келген қолөнер шеберлері де белсене қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Ыр-керуен» мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Венера Пирматованың айтуынша, қазақ-қырғыз шығармашылық байланысының жылдан-жылға нығайып келе жатқанының көрінісі.

– Біз бұл фестивальге биыл екінші рет келіп отырмыз. Қырғызстаннан өзіммен бірге 20 ісмер апаны бастап алып келдім. Олардың әрқайсысы – қолөнердің қыр-сырын меңгерген, ұлттық дәстүрді жүрегіне жақын ұстайтын өнерлі жандар. Былтырғы фестивальден кейін қазақтың өнер иелерімен шығармашылық байланысымыз одан әрі нығая түсті. Сол әріптестігімізді жалғастырып, тәжірибе алмасып, бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік, – деді қырғыз елінен келген қонақ.

Фестивальде «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» да өз өнерлерін ортаға салды. Үлкен буынның қолөнерге деген ықыласы мен шеберлігі жастарға үлгі болса, «Балалар көркемсурет» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін таныстырды.

Осылайша, дәстүрлі өнер мен заманауи ізденіс бір алаңда тоғысты. Бір жерде әжелер ғасырлар бойы қалыптасқан әдіспен текемет басса, енді бір жерде жас буын киізді жаңа технологиялар арқылы түрлендірудің жолдарын көрсетті. Бұл – ұлттық өнердің өткенмен ғана шектелмей, заманға сай жаңғырып келе жатқанын аңғартты.

«ТЕКЕМЕТ FEST» – бір күндік мәдени шара ғана емес, ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған тағылымды бастама. Себебі, текемет – жай ғана тұрмыстық бұйым емес. Оның әрбір өрнегінде халқымыздың дүниетанымы, әрбір түсінде талғамы, әрбір иірімінде ата-баба тәжірибесі бар.

Осындай фестивальдер арқылы ұмыт бола бастаған көне технологиялар қайта жаңғырып, шеберлердің еңбегі көпшілікке танылады. Ең бастысы – ұлттық өнердің қадірін білетін жаңа буын қалыптасады.

Қазақтың қолөнері – өткеннің естелігі емес, бүгіннің де, ертеңнің де еншісі. Ал, оны сақтап, дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...