Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласындағы экологиялық ахуал және ауа ластануының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Жиынға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Берік Құрбанов және қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар қатысты. Брифинг барысында қаладағы экологиялық ахуалдың негізгі көрсеткіштері, атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін факторлар және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.
Шымкентте ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемі артқан. Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың айтуынша, бұған қаладағы өндіріс орындарының көбеюі, жаңа индустриялық аймақтардың ашылуы және автокөлік санының артуы әсер етуде. Қазіргі таңда қалада қоршаған ортаға әсер ету деңгейі бойынша 1-санатқа жататын 43, 2-санаттағы 146, 3-санаттағы 477 және 4-санаттағы 368 кәсіпорын бар. 2023 жылы атмосфералық ауаға шығарылған зиянды заттардың көлемі 31,6 мың тоннаны құраса, биыл бұл көрсеткіш 47,08 мың тоннаға жеткен.
Ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың негізгі көздерінің бірі – өндіріс орындары болса, ауа сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – автокөлік шығарындылары. Қалада 438 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның 379 мыңнан астамы жеңіл автокөлік, ал 152 мыңнан астам көліктің пайдаланылғанына 20 жылдан асқан. Осы автокөліктерден бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Экология департаментінің мәліметінше, өткізілген рейдтер барысында 106 автокөлік тексеріліп, оның 34-інен белгіленген нормадан жоғары шығарындылар анықталған. Нәтижесінде 30 көлік иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Қаладағы атмосфералық ауаның сапасы «Қазгидромет» орталығының 6 бақылау бекеті арқылы бақыланады. Оның төртеуінде сынамалар қолмен алынса, екеуі автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейді. Өткен жылғы мониторинг нәтижесі бойынша Шымкенттегі атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған.
Экологиялық талаптардың сақталуына да бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері мекемелерге 37 тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша 37 нұсқама берілген. Сонымен қатар 64 әкімшілік іс қозғалып, шамамен 505,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 281,1 миллион теңгесі мемлекет бюджетіне өндірілген. Осы ретте айта кету керек, ірі өндіріс орындарының шығарындыларын бақылау мақсатында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» және «3-Энергоорталық» кәсіпорындарында атмосфераға шығарылатын қалдықтарды автоматты түрде бақылау жүйелері енгізілген.
Брифинг барысында тұрғындардан түсетін шағымдарға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар да айтылды. «Ордабасы» және «Оңтүстік» индустриялық аймақтары, сондай-ақ «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» кәсіпорнына жақын орналасқан елді мекендерден жағымсыз иістерге қатысты шағымдар түскен. Осыған байланысты аталған аумақтарда бір ай бойы тұрақты мониторинг жүргізіліп, күкіртсутек, көмірсутек және бензол секілді заттардың белгіленген шекті мөлшерден асу фактілері анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілген.
Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Берік Құрбанов қоршаған ортаны қорғау саласындағы заң талаптарының сақталуына тоқталды. Оның айтуынша, экологиялық талаптардың орындалуы жауапты тараптардың міндетін күшейтуді қажет етеді. Бұл ретте заң бұзушылықтардың алдын алу, анықталған кемшіліктерді жою және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
Баспасөз конференциясында Шымкенттегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін өндіріс орындарының жауапкершілігін арттыру, кәсіпорындарды орналастыру кезінде жел бағыты мен санитарлық-қорғау аймақтарын ескеру, сондай-ақ автокөлік шығарындыларына бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары