Азия ойындары: алғашқы алтын жүлделер ел қоржынында — Xnews — ақпарат агенттігі

Азия ойындары: алғашқы алтын жүлделер ел қоржынында

Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындары қыза түсті. Дүбірлі бәсекеде отандастарымыз алғашқы күні төрт алтынды қоржынға салды. Солардың қатарында WKF каратэден шымкенттік София Берульцева (+68 кг) топ жарып, тарихи жеңіске жетті. Тәжірибелі спортшы финалда Таиланд өкілін жеңіп, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды.

Ханчжоу Азия ойындарының чемпионы ширек финалда Сауд Арабия спортшысы Дина Ахмед Мостафаны, жартылай финалда Арика Гурунгты (Непал) және финалда таиландтық Манееван Буцуванды жеңді. Осылайша ол жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді.

Тағы бір каратэші Жоламан Биғабыл да елімізге алтын жүлде сыйлады.

Ел спортшылары әзірге 7 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлдеге иелік етті. Каратэшілерден бөлек, велошабандоздар да 3 алтын жүлдемен жанкүйерлерін қуантты. Велошабандоз Алексей Луценко 2026 жылғы Азия ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының көшбасшысы жекелей уақытқа жарыста жеңіске жетті. Луценко қашықтықты 41:24.05 уақытта бағындырды. Екінші орын жапониялық Сюнсукэ Имамураға, ал, үшінші орын Моңғолия өкілі Жамбальямц Сайнбаярға бұйырды.

Алексей Луценко топтық жарыста да алтын медальға қол жеткізді. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасының көшбасшысы үшін Азия ойындарындағы алтыншы чемпиондық атақ болды. Осылайша, Луценко жазғы Азия ойындарында жеңіп алған алтын медаль саны бойынша ұлттық құрама рекордын жаңартты. Велошабандоз Рината Сұлтанова да Азия ойындарында алтын жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ, аралас жекпе-жектен Қадырбек Шынбаев 71 келіге дейінгі салмақта, Еркінғали Бүркіталин 77 келіге дейінгі салмақта алтын жүлде олжалады.

Сонымен, төрт жылда бір өтетін дүбірлі бәсекенің төртінші күні артта қалды. ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын Елдос Сметов пен Сарвиноз Миркадирова ұстап шықты. Сметов Азия ойындарына елдегі ең атақты спортшылардың бірі ретінде қатысады. Белгілі дзюдошы 2024 жылы Парижде Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен қатар, оның қоржынында 2016 жылғы Олимпиаданың күміс медалі мен 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдесі бар. Сондай-ақ, ол әлем чемпионы және 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

Миркадирова Қазақстан чемпионатында үстел теннисінен бірнеше рет жеңімпаз атанып, әлем және бірнеше Азия чемпионатында өнер көрсетті. Бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарында да ел намысын қорғаған.

Ашылу салтанатында жарыстың басты алаңы – Paloma Mizuho Stadium стадионында «Harmonic Heart Beat» атты қойылым көрсетілді. Қойылымның негізіне жүрек соғысының бейнесі алынған. Әр спортшының өзіне тән ырғағы бір арнаға тоғысып, бүкіл Азияның ортақ ырғағына айналады.

Биылғы жарыстардың бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Азия ойындарына 11 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы бақ сынайды.

Жазғы Азия Ойындарында Шымкент қаласынан 50-ден астам спортшы ел намысын қорғайды. Жерлестеріміз 20 спорт түрінен, атап айтқанда ауыр атлетика, құзға өрмелеу, байдарка және каноэде есу, спорттық гимнастика, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, оқ ату, дзюдо, каратэ және тағы басқа спорт түрлерінен жүлделі орындарға таласып көрмек. Олардың қатарында бокстан әлем чемпиондары Махмұд және Төрехан Сабырхан, грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбет, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы, дзюдодан «Қазақстан Барысы» Гранд Слам турнирінің жеңімпазы Марат Байқамұров және тағы басқа дарынды спортшылар бар.

2023 жылы Қытай елінің Ханчжоу қаласында өткен Азия Ойындарына елімізден 525 спортшы қатысса, соның ішінде Шымкент қаласынан спорттың 23 түрінен 66 спортшы құрама сапына енді. Нәтижесінде, ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленсе, оның ішінде Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль жеңіп алды.

Т.ҚАСЫМОВ,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...