Шымкент қаласының тумасы Зарина Әуелбек сабыннан көздің жауын алатын гүлдер жасайды. Қызығушылықтан басталған бұл өнер бүгінде оның сүйікті ісіне айналып, біртіндеп кәсібінің негізін қалап келеді.
– Бала күнімнен шығармашылыққа жақын болып өстім. Бұл қасиет бойыма анамнан дарыса керек. Ол – тігінші. Өзі ізденіп, тәжірибе жинақтап, ұнаған киім үлгілерін тігіп машықтанған жан, – дейді кейіпкеріміз.
Сабыннан гүл жасауға болатынын Зарина алғаш рет туысқан әпкесінен естіген. Оның әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған жұмыстарын көріп, бұл өнерге деген ынтасы ояна түсті. Көз тартарлық композициялардың тірі гүлдерден еш айырмасы жоқтай әсер қалдыруы жас шеберді ерекше таңқалдырды.
Шынында да, мұндай туындыларға бір қараған адам олардың сабыннан жасалғанына күмән келтіруі мүмкін. Күлтелерінің үлбіреген нәзіктігі, жапырақтарының табиғи қалыптан айнымайтын түрі мен түсінің жарасымы жайқалған «тірі гүлдерден» аумайды. Десе де, осы сұлулықтың ар жағында маңдай тер мен табандылық, ұқыптылық пен тынымсыз ізденіс жатыр.
– Тұрмыс құрып, декреттік демалысқа шыққаннан кейін «бос уақытымда өзіме ұнайтын іспен айналыса аламын ба?» деген сұрақтар мазалап, мені жаңа ізденістерге жетеледі. Әпкеме хабарласып, сабыннан гүл жасауды үйретуін сұрадым. Ол Алматыға шақырғанда, көп ойланбастан жолға шығып кеттім. Менің осындай нәзік өнердің қыр-сырын меңгеруге деген алғашқы қадамым осылай басталды, – дейді Зарина Нұржанқызы.
Алматыдағы оқу барысында Зарина гүл жасаудың техникасын ғана емес, оған қажетті материалдарды таңдап, оларды қайдан және қалай алуға болатынын үйренді. Оның айтуынша, сырт көзге жеңіл көрінгенімен бұл өнер шеберден асқан шыдамдылық пен дәлдікті талап етеді. Өйткені, бір ғана гүлдің өзін мінсіз етіп шығару үшін әр күлтесіне жеке-жеке көңіл бөліп, оған табиғи гүлге тән пішін беру, реңктерін өзара үйлестіру қажет. Заринаға оңай болған жоқ. Қолын жаттықтыру үшін де бір істі талай рет қайталауға тура келді. Уақыт өте келе саусақтарының қимылы ширай түсіп, әрбір гүлдің өзіне тән нәзік болмысын дәл жеткізуге машықтанды.
Бастапқыда кейіпкеріміздің ойында кәсіп құрып, қомақты табыс табу деген мақсат болған жоқ. Көңілі қалаған шығармашылық дүние ретінде қабылдады.
Кейіннен Зарина Instagram желісінен жеке парақша ашып, туындыларын сонда жариялады. Көп ұзамай қызығушылық танытқандар қатары артып, тапсырыстар да келді. Бұған дейін жақындарына сый ретінде ұсынған гүлдері енді өзге жандардың да көңілінен шығатын қымбат бұйымға айналды. Осылайша, жүрек қалауымен басталған іс бірте-бірте тұрақты кәсіпке ұласты.
Алайда, Зарина үшін сұраныстың көбейгенінен гөрі, әр композицияның сапалы шығуы маңызды болды. Сондықтан, ол ізденісін тоқтатпай, өзге шеберлердің де гүл жасаудағы әдіс-тәсілдеріне назар аударды. Әр жұмысына сырт көзбен қарап, кемшіліктерін саралады.
– Шеберлік бір күнде келмейді. Кеткен қателік келесі туындымды жетілдіруге себеп болады. «Әр шебердің өз әдісі, өз құпиясы бар» дейді ғой. Менің де өзіме ұстаным етіп алған бір қағидам бар. Гүл ең алдымен оны жасаған шебердің көңілінен шығуы керек. Себебі, еңбегіңе көңілің толғанда ғана оның сапасына күмән келтірмейсің, – дейді Зарина.
Бүгінде Зарина шағын букетті жарты сағат шамасында жасап үлгереді. Ал, көлемді композицияны әзірлеуге бір сағаттан бір жарым сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Дегенмен, Зарина үшін жұмыстағы басты өлшем – жылдамдық емес, сапа. Әсіресе, сабын таңдауға баса мән береді. Қазір ол Кореядан жеткізілетін жоғары сападағы сабындарды пайдаланады. Шебердің айтуынша, сабынның жұмсақ әрі нәзік болуы гүлдің табиғи көрінуіне тікелей әсер етеді.
– Қытайда өндірілетін сабындардың бағасы қолжетімді болғанымен, қатқылдау келеді. Ал, кореялық сабындар жұмсақ, қолға ұстаған кезде нәзіктігі байқалады. Одан жасалатын гүлдер де шынайы гүлдерге барынша жақындай түседі, – дейді шебер.
Зарина тапсырыс қабылдағанда клиентпен сөйлесіп, сыйлықтың иесі кім екенін, оның қандай мерекеге орай сыйланатынын сұрайды. Содан кейін гүлдердің түсі мен саны жөнінде ақылдасады. Бір тапсырыс үш гүлден тұратын шағын букет болуы мүмкін. Екіншісі – жеті гүлден. Кейде 25 гүлге сұраныс түссе, жүз гүлден тұратын көлемді композициялар да әзірлеген. Заринаның ең есте қалған жұмыстардың бірі – қалыңдыққа арналған той букеті. Бір күні оған қалыңдықтың қолына ұстайтын букет жасауға тапсырыс түседі. Бұл ұсыныс жас шеберді бірден қуантқанымен, оның жауапкершілігін де еселеді. Өйткені, қалыңдықтың қолындағы гүл тойдың жай ғана сәндік бөлшегі емес. Ол – қалыңдықтың образын толықтырып, мерекелік көңіл-күйді айшықтайтын, фотосуреттерде сақталып, кейін сол күнді еске түсіретін маңызды дүниелердің бірі. Әрі букет той бойы өзінің бастапқы қалпын жоғалтпай, әдемілігі мен үйлесімін сақтауы керек. Осыны жақсы түсінген Зарина тапсырыс берушімен қалыңдықтың қалауын, қажетті көлемі мен түс үйлесімін талқылайды. Ақылдаса келе, калла гүлдерінен композиция жасауға тоқталды.
– Калла – нәзік пішінімен, көрікті келбетімен қалыңдық букетіне жиі таңдалатын гүлдердің бірі. Ал, оның сабыннан жасалған нұсқасын әзірлеп, табиғи гүлдің әсемдігі мен нәзіктігін дәл жеткізу мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Букеттің жалпы композициясын бірнеше мәрте ойластырып, әр гүлдің орнын мұқият белгіледім. Әрбір бөлшегін асықпай, барынша ұқыптылықпен орындадым.
Дайын туындыны тапсырыс берушіге табыстағаннан кейін де көңілім бірден жайланған жоқ. «Қалай қабылдар екен? Көңілінен шықты ма?» деген ой үстінде жүрдім. Кейіннен қалыңдықтың өзіне де, туған-туыстарына да букеттің қатты ұнағанын естіп, қуанып қалдым.
Әдетте той соңында қалыңдық қолындағы гүл шоғын бойдақ қыздарға қарай лақтырады. Оны қағып алған қыз үшін тұрмысқа шығу кезегі деген ырым бар. Бұл жолы қалыңдық букеттің әдемілігіне риза болғаны сонша, оны өміріндегі ерекше күннің естелігі ретінде сақтап қалуды жөн көріпті.
Қалыңдыққа арнап жасаған бұл букет шығармашылық жолымдағы ең қымбат жұмыстардың біріне айналды. Себебі, осы тапсырыс өз күшіме деген сенімімді одан әрі нығайтты. Букетті әлеуметтік желідегі парақшама жариялағаннан кейін де көптеген жылы пікірлер мен хаттар келді, – дейді Зарина.
Бүгінде Заринаға қыз-келіншектерден «Сабыннан гүл жасауды үйретесіз бе?» деген сауал жиі түседі. Бұл – оның ендігі жоспарына айналған жаңа белес. Қазір жас шебер өз тәжірибесін жүйелеп, жинақтаған білімін өзгелермен бөлісуге дайындалып жүр.
Зарина үшін бұл кәсіп адамдардың қуанышына себепкер бола алуымен ерекшеледі. Біреу анасына сыйлық іздейді. Біреу сүйіктісіне тосынсый жасағысы, яки туған күн иесіне ерекше сый ұсынғысы келеді. Білесіз бе, осындай сәттердің әрқайсысында шебердің қолынан шыққан кішкентай ғана гүлдің өзіндік мәні бар. Ендеше, сіз де бірнеше күннен кейін солып қалмайтын, сәнін жоғалтпайтын, пайдаға жаратуға болатын хош иісті сабын гүлдермен жақыныңызды қуантыңыз…
Дилара БИМЕНОВА,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары