Ұлттық рух өнердің өзегі болғанда, қанатын кеңге жаяды — Xnews — ақпарат агенттігі

Ұлттық рух өнердің өзегі болғанда, қанатын кеңге жаяды

Қазақтың ұлттық би өнерін дәріптеп, оны елімізде ғана емес, халықаралық сахналарда да танытып жүрген Шымкенттің өнер ұжымдарының бірі – «Қазына» халық би ансамблі. Бүгінде ансамбльдің шығармашылық қоржынында қазақтың фольклорлық және заманауи бағыттағы билерімен қатар, ТМД елдері мен әлем халықтарының ұлттық билері де бар. Ұжым әртістері ұлттық өнердің дәстүрін сақтай отырып, жаңа ізденістерге де жол ашып келеді.

Ансамбльдің шығармашылық тынысы, бишілердің күнделікті еңбегі, ұлттық бидің бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы «Қазына» халық би ансамблінің әртісі, репетитор, пиар-менеджер Руслан Саитовпен әңгімелестік. 

– «Қазына» ансамблі бүгінгі таңда қандай құрамда жұмыс істейді? Ұжымда қанша биші бар? Олардың жас ерекшелігі қандай?

– «Қазына» халық би ансамблі бүгінгі таңда белсенді шығармашылық құрамда жұмыс істеп келеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауре Бекембайқызы Ажибекова. Қазіргі таңда ұжым құрамында 41 би әртісі бар. Әртістердің жас ерекшелігі 16-39 жас аралығын қамтиды.

Жас ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, барлығымызды бір мақсат – ұлттық би өнерін дамытуға, сахнада сапалы дүние ұсынуға деген ұмтылыс біріктіреді.

– Ансамбль құрамына бишілер қалай қабылданады? Іріктеу кезінде өнерпазға қойылатын ең маңызды талаптар қандай?

– Ең алдымен бишінің техникалық дайындығы, хореографиялық шеберлігі, музыканы сезінуі және сахнада өзін ұстауы бағаланады.

Биші сахна мәдениетін сақтауы, тәртіпті, жауапты, еңбекқор болуы және ұжыммен жұмыс істей білуі керек. Өйткені, ансамбль – жеке бишінің емес, тұтас ұжымның өнері. Бір адамның қимылы бүкіл композицияның үйлесіміне әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар, ұлттық биге деген түсінікке ерекше мән береміз. Ұлттық би – жай ғана қимыл-қозғалыстар жиынтығы емес. Оның астарында халқымыздың тарихы, мінезі, мәдениеті мен салт-дәстүрі жатыр. Сондықтан биші әрбір қимылдың мәнін түсініп, оны көрерменге жеткізе білуі қажет.

«Қазына» халық би ансамблінің құрамында сан ұлт өкілдері өнер көрсетеді. Біз үшін, ең бастысы, бишінің ұлты емес, оның өнерге деген сүйіспеншілігі, кәсіби шеберлігі және қазақтың ұлттық мәдениетіне деген құрметі.

Өзге ұлт өкілдерінің қазақ билерін меңгеру деңгейін жоғары бағалаймын. Олар ұлттық қимылдардың ерекшелігін, бидің мінезі мен мазмұнын түсінуге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ұлттық биді меңгеру үшін оның қимылдарын үйренумен қатар, сол бидің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін түсіну маңызды.

Менің ойымша, өнер ұлтқа бөлінбейді. Өзге халықтың мәдениетін шын жүрекпен құрметтеген адам оның өнерін де жоғары деңгейде меңгере алады.

– Жаңа биді үйреніп, сахнаға шығару үшін қанша уақыт қажет?

– Бұл қойылымның күрделілігіне байланысты. Орта есеппен бір биді толық дайындауға бірнеше аптадан бір айға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.

Кейде бір қарағанда жеңіл көрінетін бидің өзіне көп уақыт жұмсалады. Себебі, сахнаға шыққан кезде әрбір қимыл дәл, жинақы әрі бір мезетте орындалуы керек. Сондықтан көрерменге дайын әрі жеңіл көрінген қойылымның артында ұзақ дайындық тұрады.

– Репертуарларыңызда осы күнде 100-ден астам би бар деп айтылып жүр. Осы билер қалай таңдалады? Жаңа би қою кезінде ең алдымен неге мән бересіздер?

– Қазір «Қазына» халық би ансамблінің репертуарында 130-ға жуық би бар. Оның ішінде қазақтың фольклорлық және заманауи бағыттағы билерімен қатар, ТМД елдері мен дүние жүзі халықтарының ұлттық билері де қамтылған.

Жаңа би қою кезінде ең алдымен оның идеясы мен мазмұнына мән береміз. Музыка, қимыл, сахналық шешім және ұлттық ерекшелік өзара үйлесуі керек.

– «Қазынаның» көрермен ерекше жақсы көретін, ансамбльдің өзіндік визиттік карточкасына айналған билерін атап өтсеңіз….

– «Қазынаның» көпшілікке жақсы таныс, жылдар бойы сахнадан түспей келе жатқан билері «Дайдидау», «Айтабақ ойыны», «Жайлауда», «Кербез». Сонымен қатар, репертуарымызда «Думанды дәурен», «Қаражорға», «Дала сазы», «Өтті-ау дүние» секілді ұлттық билер де көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.

Бұл билердің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, «Айтабақ ойыны» ұлттық ойын элементтері мен сахналық қимылдарды үйлестірсе, «Жайлауда» мен «Кербез» қазақтың ұлттық болмысын, мінезін, әсемдік пен нәзіктікті би тілі арқылы жеткізеді.

Көрерменнің сүйіспеншілігі – біз үшін үлкен баға әрі үлкен жауапкершілік. Танымал болған әрбір биді кейінгі буынға үйретіп, оның ұлттық сипатын жоғалтпай жеткізуге тырысамыз.

– Ұлттық бидің сахналық образын жасауда костюмнің маңызы ерекше. Ал, оны қалай таңдайсыздар?

– Костюмнің бидің мазмұнына сәйкес болуына мән беріледі. Бишінің сахнадағы қозғалысына кедергі келтірмей, сонымен қатар ұлттық нақышты айқын көрсетуі қажет. Әдемі әрі мазмұнды костюм бидің көркемдік әсерін арттырып, көрерменге ұлттық мәдениетті жақынырақ танытады. Сол сияқты музыка мен хореография да бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Қойылымның идеясына қарай кейде арнайы музыка жазылады, кейде дайын халық әуендері пайдаланылады. Музыка бидің мінезін ашып, қимылдың ырғағын анықтайды.

– Ансамбльдің халықаралық фестивальдерге қатысып жүргенін білеміз. Шетелге барғанда көрермендердің қазақ биіне қызығушылығы қандай?

– Шетелдік көрермендер қазақ биін үлкен қызығушылықпен қабылдайды. Әсіресе, ұлттық киімдерге, қазақ биіне тән қимыл ерекшеліктеріне, музыкаға және сахналық образдарға назар аударады.

Біз үшін мұндай қызығушылық өте маңызды. Өйткені, халықаралық сахнада өнер көрсету арқылы қазақ мәдениетін басқа елдердің көрермендеріне таныстыруға мүмкіндік аламыз. Кейде көрерменнің қойылымнан кейін келіп, қазақ биі туралы сұрақ қоюы немесе өз әсерімен бөлісуі – біз үшін үлкен қуаныш.

Белгілі бір деңгейде Қазақстанның мәдениетін таныстырамыз. Көрермен қазақ биін алғаш рет бізден көруі мүмкін. Сондықтан әрбір қойылымға өте жауапкершілікпен қараймыз

Мен өзім «Қазына» би ансамблінде 20 жыл бойы еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде ансамбльдің шығармашылық тұрғыдан өскеніне, көптеген өзгерістер мен жетістіктерге жеткеніне куә болдым.

– Қазір жастардың заманауи биге деген қызығушылығы жоғары. Ал, ұлттық биге қызығушылықтары қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Рас, қазіргі жастардың заманауи биге қызығушылығы жоғары. Дегенмен, ұлттық биге деген қызығушылық та азайған жоқ.

Бұл – жастардың өз мәдениеті мен ұлттық құндылықтарына деген ықыласының белгісі.

– «Қазына» ансамблінің сахна сыртындағы өмірі қандай? Көрермен көрмейтін дайындық барысындағы қызықтар, қиындықтар бола ма?

– Әрине, сахна сыртындағы өмір өте қызықты әрі қызу өтеді. Дайындық кезінде қиындықтар да, көңілді сәттер де болады. Ұзақ репетициялар, шаршау, кейде қателіктер – шығармашылық жұмыстың бір бөлігі.

Бірақ, осындай ортақ қиындықтар ұжымды одан сайын жақындастырады. Бір-бірімізге көмектесіп, қолдау көрсетеміз. Сахнадағы бірліктің артында сахна сыртындағы осындай достық пен түсіністік жатыр.

– Қазір қазақтың ұлттық би өнерінде қандай мәселелер бар деп ойлайсыз? Ұлттық биді сақтап қалу үшін нені қолға алу керек?

– Ұлттық бидегі басты мәселелердің бірі – оның түпкі ерекшелігін сақтай отырып, қазіргі көрерменге дұрыс жеткізу. Ұлттық өнерді жаңартамыз деп оның табиғи болмысын жоғалтып алмауымыз керек. Ол үшін ұлттық биді жастар арасында кеңінен насихаттау, кәсіби мамандарды қолдау, ұлттық би мұрасын зерттеу және жаңа қойылымдар арқылы дамыту қажет. Әсіресе, жас бишілерге мүмкіндік беріп, олардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру маңызды.

– «Қазынаның» болашақтағы шығармашылық жоспары қандай?

– «Қазына» халық би ансамблінің алдағы жоспарлары көп. Жаңа билер қойып, репертуарымызды толықтыруды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар, түрлі халықаралық фестивальдер мен шығармашылық жобаларға қатысып, қазақ би өнерін кеңінен таныта бергіміз келеді.

Біздің басты мақсатымыз – ұлттық бидің дәстүрін сақтай отырып, оны жаңа буынға жеткізу және халықаралық сахнада қазақ өнерінің өзіндік ерекшелігін таныту. Биші үшін ең үлкен жетістік – өз өнері арқылы көрерменнің жүрегіне жол табу. Ал, «Қазынаның» шығармашылық жолы осы мақсатпен жалғаса береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...