Бренд кофе желісінің бастауы – Шымкентте — Xnews — ақпарат агенттігі

Бренд кофе желісінің бастауы – Шымкентте

Жерлесіміз Аят Азимов LCC International University-нің Business Administration мамандығында білім алды. Оқуды бітірер жылы топтық курстық жұмысын Starbucks турасына арнады. Оқыған-тоқығанын жүзеге асыруға кіріскенде оған серіктес болып достары Мақсат Аманмұрадов пен Данияр Мамирханов келді. Осылайша қарызға алынған ақшаға Шымкенттегі Mega Planet сауда орталығынан кофехана ашты.

Шымкенттің кафе-асханаларында осыдан он жыл бұрын тез еритін пакетиктегі кофелерді самсамен қосқанда 200 теңгеге сатып алуға болатын. Дәл сол кезде Аят Азимов тұтынушыларға жаңа үгітіліп қайнатылған, иісі бұрқыраған табиғи кофені 500 теңгеден ұсынды. 2016 жылы бұл қала тұрғындарының басым көпшілігіне өте қымбат баға болатын. Өзге түгілі жақын-жуық, достарының арасында да «Оны кім сатып алады дейсің, саудаң жүре қоймас» дескендер көп еді. Алайда кәсібінің нәсібін дәл осы кофе саудасынан көруді 2013 жылдан бері армандап жүрген жас кәсіпкер өз мақсатынан бас тартуды қаламады. Сол себепті де кездескен қиындыққа қарамастан тәуекел етті.

Қазір негізін Аят Азимов қалаған Global Coffee кофеханалар желісінің Қазақстан бойынша үш жүзден астам нүктесі бар. Бізде ғана емес, Global Coffee кофеханалары Өзбекстан мен Грузияда да жұмыс істейді.

– Бізді райымыздан қайтаруға тырысқандар көп болды. «Шымкентте 500 теңгеге ешкім кофе ішпейді, қымбат» десті. Себебі барлық жерде тез еритін сүті де қанты да ішіндегі кофелер сатылып жатқан. Біздікімен салыстырғанда бағасы арзан екені рас. Бірақ, оның құрамының тазалығына ешкім мән беріп жатпайтын. Десе де алғашқы күннің өзінде-ақ біз ұсынған кофені алушылар көп болды. Кассамыз жақсы нәтиже көрсетті, – дейді Аят.

Кәсібін жаңа бастағандар үшін алғашқы сауданың жемісті болуы шабыт сыйлайтыны анық қой. Кофехана ашқан жігіттер де солай болды. Енді олар Mega Planet сауда орталығынан шығып, қаланың басқа көшелерінен де кофехана ашуға орын іздей бастайды.

Десе де бизнестің бүге-шүгесін оқып білген кәсіпкер үшін сауда желісі көбейген сайын шикізаттың сырттан тасымалдануы бизнес-модельдің осал тұсы екені белгілі еді. Қуырылып дайындалған кофе дәнін бастапқыда Ресейден алдырып жүрген. Біртіндеп тауардың аини бастағанын байқайды. Бірде қатты қуырылған болса, енді бірде кофе дәндері қышқыл дәм бере бастады. Қуырылған кофеге салынатын салық та жоғарылаған. Импорт тауардың кедендік рәсімі де оңай емес еді.

Кәсіпкер үшін шикізатты көктей алу арзанға түсетіні белгілі болды.

Бірақ, ендігі жерде тұтынушыға ұнайтын хош иісті, тартымды дәмнің формуласын өздері жасауы керек. Бұл мәселені шешуге Аятқа әкесі Ғалеб Азимов көмекке келді. Ол жасыл кофе дәнін қуыратын цех ашты. Халықаралық Specialty Coffee Association стандарттары бойынша білім алған Ғалеб Азимов үшін де кофенің классикалық, еуропалық дәмін жергілікті талғамға бейімдеу оңай болмады. Жалпы Орталық Азия елдері үшін ыстық шәйдың жұмсақ, сүтпен болғаны ұнамды. Кофенің де осы ыңғайға бейімделген дәмін жасау қажет. Алға қойған міндетті жүзеге асыру үшін, Ғалеб ростердің жанында тәулік бойы жұмыс істеді. Бәрі де қажетті үйлесімді табу жолындағы еңбек еді. Нәтижесі жаман емес, Global Coffee кофеханалар желісінің дәмі ретінде кофенің орташа қуырылғаны және 100 пайыз арабикадан тұратын бленд (кофе дәндерінің бірнеше сұрыбының қоспасы) таңдалды.

– Командамыздағы жігіттер «жаңа тұтынушы ретінде кофемандарды тарту керек» деп жатады. Бірақ біз үшін талғампаз кофе әуесқойларының соңынан жүру шарт емес.Біз үшін тұтынушының барлығы бірдей. Біздің міндетіміз – жақсы бағаға тұрақты базалық сапа ұсыну. Тұрақты дәм бізге осылай ауқымды түрде кеңеюге мүмкіндік берді, өйткені ол адамдардың көпшілігіне ұнайды, – дейді Аят Азимов.

Компания «өзіңмен бірге алып кететін кофе» форматын да ендірді. Бұл да сәтті шыққан жоба болды. Сондықтан компания бұл жобаны жалғастыра түсу үшін банктердің бірінен коммерциялық ғимаратты сатып алды. Оны санитариялық талаптарға сай ету үшін қайта жарақтап шықты. Мұндай өндіріс нысаны елді мекеннен кемі 300 метр алыста орналасуы керек деген талап та жоқ емес. Осының бәрін егжей-тегжейлі сараптай келе тәуекел етуге бел байлады. Қаржының бір бөлігін «Даму» қоры бөлсе, қалған бөлігін құрылтайшылар өздері инвестициялады.

Кофеханалар желісін жетілдіріп отырған компания біріндеп үнемді өндіріске негізделген Kaizen қағидатын ендірді . Себебі, ескі цехта қойма бір жақта болса, қуыру аймағы бір бөлек, орау орны цехтың тағы бір бөлігінде орналасқан-ды. Ал, жаңа цех бір сызықтық қағидат бойынша, яғни бизнестегі «макарон жүйесі» деп аталатын тәсілмен құрылды.

Бүгінде өндірісте көлемі әртүрлі 5. 15, 30 елілік үш ростер бар. Компания айына 20 тонна қуырылған кофе (алты түрлі бленд) өндіреді. Цех толық қуатында жұмыс істегенде айына 60 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік беруде.

– Кофе дәнін қуыру өте қызық процесс. Кофе попкорн сияқты 200 градусқа дейін қызады да, жарыла бастайды. Бірінші крэкте (қуыру процессі) ылғалдың кебуі жүреді. Мысалы, 10 килограмм жасыл кофе салсақ, қуырылған соң 8,2 килограмм өнім аламыз. Қалғанының барлығы – қуыру кезінде буланып кететін табиғи ылғал, – дейді кәсіпкер.

Қуырудан бөлек, Global Coffee жергілікті деңгейде IT-инфрақұрылымды да дамытып келе жатқан команда. Олар белгілі автоматтандыру жүйелерін (iiko және Poster сияқты) зерттеп, кассалық есеп жүргізу үшін өз жобаларын енгізген.

– Сегіз жыл бойы біз дайын кассалық есеп жүйесін пайдаланып келдік. Бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін түсінген соң, өз жүйемізді әзірлеуге шешім қабылдадық. Кодты екі жыл жаздық және 2024 жылы барлық кофехананы өзіміз әзірлеген бағдарламаға сәтті көшіріп алдық, – дейді А.Азимов.

Франчайзингтік нүктелердің сатылымдарын қоса есептегенде, желінің жиынтық жылдық айналымы 15 млрд теңгеден асады. Әр кофехананың орташа рентабельділігі 21–22 пайызды құрайды. Ал, қуыру цехының өнімін 500-ден астам тұрақты серіктес сатып алады. Олардың ішінде 300 жеке және франчайзингтік нүкте, сондай-ақ кеңселерден бастап сұлулық салондарына дейінгі шамамен 200 ұйым бар екен.

Бұдан бөлек Global Coffee компаниясы мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. «Оның 50-ден астамы басқарушы компанияда жұмыс істейді, қалғандары қоймаларда, өндірісте және кофеханаларда еңбек етеді» дейді кәсіпкер.

Кофе бизнесін дамыту оңай емес. Жылдың төрт мезгілінде бірдей көлемде сатылады деуге де келмейді. Қыста рентабельділігі жоғары ыстық кофе көбірек сатылады. Ал жазда… кофеден гөрі салқын су, түрлі шырындар саудасы жүретіні рас.

– Екі жыл бұрын Бразилиядағы қолайсыз ауа райына байланысты биржадағы кофе бағасы 2024-2025 жылдары ең жоғары деңгейге жетті. Мысалы, килограмы әдеттегі 3–4 доллардан шикізат бағасы 10–11 долларға дейін шарықтады. Мен осындай тапшылыққа 1980 жылдары тап болған Starbucks-ты әлемдік желіге айналдырған Говард Шульцтің кітаптарын оқыдым. Дамыған логистика дәуірінде мұндай жағдай болуы мүмкін емес деп ойладым, бірақ біз өзіміз осы жағдайға тап болдық. Кофенің жарты жылға жасақталған қоры көмектесті. Бұл бізге бағаның шарықтау кезеңін өткізіп, қолайлы шарттармен жаңа келісімшарт жасауға мүмкіндік берді, – деп еске алады кәсіпкер.

Компания жасыл кофе дәндерін немістің Neumann Kaffee Group трейдерінен сатып алады. Трейдер Бразилиядан, Колумбиядан, Индонезиядан, Эфиопиядан және Угандадан кофені Ригаға жеткізеді, ал ол жақтан жүк көліктерімен Қазақстанға тасымалданады.

Кофеханалар желісінің өндірістік инфрақұрылымында әлемнің түкпір-түкпірінен алынған технологиялар қолданылады. Ол жайлы Аяттың өзі былай дейді: «Біздің бренд Global Coffee деп аталады, себебі бір стақанның ішінде он шақты елдің географиясын жинақтаймыз. Қуыруға арналған жабдықты Нидерландтан әкелдік. Кофе машиналары – италиялық Astoria маркасы, кофе тартқыштар – италиялық Fiorenzato, орау жабдықтары – Қытайдан. Кофеге қосылатын сүт қана қазақстандық өнім»

Әрине, шетелден тасымалданатын тауарлардың бағасы арзан емес. Осынау шығындарды оңтайландыру үшін компания отандық материалдарды қолдануға кәсіпорынды кезең-кезеңімен көшіруді мақсат тұтып отыр. Оның үстіне алдағы уақытта Шымкентте шәрбат өндіретін жеке зауытты іске қосу жоспары тұр. «Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 400 мың еуроны құрайды» дейді кәсіпкер. Пластикалық стақандар шығаруды да ойластыруда. Франчайзилер үшін бұл қадам жазғы мәзірдің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік бермек. Компания дайын стақандарды қазір Қытайдың шығыс бөлігінен сатып алуда. Бір стақанның бастапқы бағасы – 14 теңге, кедендік рәсімдеуден кейін әр данасының өзіндік құны 39 теңгеге дейін өседі.

– Біз алдыратын стақандар салмағы жеңіл болғанымен, көлемі көп. Сондықтан логистикада оларды тасымалдау қымбатқа түседі. Мысалы, түйіршіктелген пластик сияқты ауыр шикізатты импорттап, стақандарды қалыпқа осында құйсақ шығындар айтарлықтай азаяр еді. Сонда бір стақан бізге 25 теңгеден түседі. Сонда бизнес те, түпкілікті тұтынушы да ұтады. Баға бәсекеге қабілетті бола түседі, – деп түсіндіреді Аят.

– Біз өз брендімізді әлемнің барлық түкпірінен көргіміз келеді, кез келген көшеде біздің дәмді кофеден ауыз тисе дейміз. Алдағы бес жылда Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан нарығынан да өз кофеханаларымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Қазақстандағы кофеханалар санын төрт есеге арттыруды көздеп отырмыз, – дейді Аят.

Біз де А.Азимовтың армандары орындалып, Шымкенттен бастап ашылған кофеханалардың дүниенің төрт бұрышынан да табылуына тілектеспіз.

Ж.ШАЛАБАЕВА,
“Шымкент келбеті” газеті

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...