Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді — Xnews — ақпарат агенттігі

Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға келді

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің студенттеріне арналған екі апталық «Қазақ тілін үйрену бағдарламасы» басталды.

Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарламаның мақсаты – шетелдік студенттерге қазақ тілінің негіздерін үйрету, практикалық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен ұлттық құндылықтарын таныстыру.

Аталған бастама – Ұлыбританияның оқу бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының практикалық жалғасы. Жоба жөнінде алғаш рет ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы 2 қарашада берген сұхбатында айтып, Қазақстан мен Оксфорд университеті арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталған еді.

Бүгінде жоба сәтті іске асып, шетелдік студенттер қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға арнайы келді. Алдағы уақытта Оксфорд студенттері қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста сөйлеуге машықтанады. Сабақтарды Ахмет Ясауи университетінің білікті профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер негізінде жүргізеді.

Бағдарламаның ғылыми-әдістемелік мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары атсалысты. Мамандар шетелдік студенттерге қазақ тілін деңгейлік негізде үйретуге арналған оқу-әдістемелік және лингводидактикалық тәсілдер ұсынды.

Халықаралық жобаның жүзеге асуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері де үлес қосып отыр. Олардың Оксфорд университетімен орнатқан академиялық байланыстары осы ынтымақтастықтың дамуына жол ашты.

Айта кетейік, шетелдік студенттер үшін тілдік сабақтармен қатар, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыратын дәрістер, мәдени-ағартушылық кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бағдарлама қатысушылары қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен, қолөнерімен және тағамдарымен танысады.

Сондай-ақ бағдарлама аясында Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапарлар жоспарланған. Қатысушылар аталған қалалардағы тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі орындар мен сәулет нысандарын аралайды.

Бұған қоса, Ахмет Ясауи университетінде 2026 жылғы 28-29 қыркүйекте өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» III халықаралық симпозиумына арнайы қатысады.

Бұл жоба қазақ тілін шетелдік аудиторияға танытуға, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру, ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

x

Check Also

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...

Ордабасының мақтанышы – әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

Қытай Халық Республикасының Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ордабасы ауданының тумасы Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанып, Қазақстан ...