Шымкенттің күн санап көркейіп, халық саны артып келе жатқан аумақтарының бірі – Қаратау ауданы. Қазір мұнда 340 мыңнан астам тұрғын бар. Аудан аумағында 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен көпқабатты 668 үй орналасқан. Мұндай ауқымды аумақта инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету және қоғамдық демалыс орындарын көбейту – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Аудан әкімі Алмас Абаевтың айтуынша, биылғы жұмыстар осы бағыттарға негізделген. Жол жөндеу, ауыз сумен және электр энергиясымен қамту, газдандыру, кәріз жүйесін дамыту, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру және әлеуметтік нысандарды көбейту бойынша бірқатар жоба қолға алынған.
«Ендігі міндет – 100 пайызға жеткізу»
Қаратау ауданындағы инженерлік инфрақұрылымның жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Қазір аудан тұрғындарының 99 пайызы ауыз сумен және электр энергиясымен қамтылған. Ал, табиғи газбен қамтылу деңгейі 98 пайызды құрайды. Аудан басшысының айтуынша, ендігі міндет – осы көрсеткіштерді 100 пайызға жеткізу.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында биыл бірқатар жұмыс атқарылған. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС меншігіндегі ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданған. Қазір Шапырашты тұрғын алабындағы «Сайрам тазалық» ЖШС меншігіндегі су жүйелерін де қаланың коммуналдық меншігіне өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таскен, Сайрам және Гидрогеолог тұрғын алаптарындағы жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғындар орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізеді.
Аудан аумағындағы ескі су құбырларын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта «Су құбыры және канализация басқармасы» мен «Су ресурстары маркетинг» ЖШС тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Электр желілерін жаңарту бойынша да нақты жобалар бар. Сайрам тұрғын алабында тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру және абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Гидрогеолог шағын ауданының жаңа құрылыс аумағына электр желісін тарту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, Мәртөбе мен Сайрам тұрғын алаптарында 12,3 шақырым электр желісін ауыстырып, жеті трансформатор орнату жоспарланған. Бүгінде тоғыз шақырым желі жаңартылып, алты трансформатор орнатылған.
Газдандыру мәселесінде жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазір ауданның 98 пайызы табиғи газбен қамтылған. Гидрогеолог шағын ауданының жаңа құрылыс аумағын газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық және Мәртөбе тұрғын алаптарының жаңа құрылыс аумақтарын газ жүйесіне қосу да жоспарланған. А.Абаевтың айтуынша, тиісті жобалар толық жүзеге асқан жағдайда коммуналдық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.
Аудандағы инженерлік инфрақұрылымның шешімін күткен бағыттарының бірі – кәріз жүйесі. Қазір орталық кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 46 пайызды құрайды. Биыл Мирас-1 және Мирас-2 шағын аудандарында орталық кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жаңа құрылыс аумақтарының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ғана емес, тұрғындардың санитарлық және тұрмыстық жағдайын көтеруге де ықпал етеді.
Аудан жылыту маусымына дайын
Әне-міне дегенше қыс қыр астында, жылыту маусымы да басталады. Осыған орай, Қаратау ауданы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтап, жылу жүйелерінің қысымға төтеп беруін тексеру жұмыстарын жүргізіп үлгерген. Ауданда көп қабатты 668 тұрғын үй бар. Оның 541-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, 127 үй автономды жылыту жүйесін пайдаланады.
Биыл Нұрсәт және Астана шағын аудандарындағы тозығы жеткен орталық жылу құбырларын жаңарту жоспарланған. Жөндеуге жататын құбырлардың жалпы ұзындығы 4 932 метрді құрайды. Жұмыстар сегіз нысанда жүргізіледі.
Әлеуметтік нысандар да жылыту маусымына дайындықтан өткен. Аудандағы әлеуметтік 281 нысанда жұмыстар толық аяқталған. Оның ішінде мектептер, колледждер, балабақшалар, денсаулық сақтау ұйымдары, спорт мектептері, мәдениет үйлері мен әлеуметтік мекемелер бар.
Сайрам тұрғын алабындағы №91 және №111 мектептер көмірмен жылытылатын нысандардың қатарында. Бұл білім беру ұйымдарын табиғи газға қосу бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Қаратау ауданындағы жолдың жалпы ұзындығы 753 шақырымға жетеді. Мұнда 896 көше бар. Оның 745 шақырымы асфальтпен жабылған, ал сегіз шақырым жол шағал тас төсемімен қалған. Осы жылы аудан аумағындағы 132 көше мен өткелге асфальтобетон төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда 48 көшеде жұмыс аяқталған. Оның ішінде Ю.Сареми көшесі де бар. Ал, Алматы айналма жолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жобаларды жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Жол сапасымен бірге жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп отыр. Биыл сегіз елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым болатын аяқжол салу жоспарланған. Қазір оның 22,5 шақырымы аяқталған.
Жаңбырлы күндері көшелерде су жиналып қалатын учаскелерде де тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл осындай 22 орынға ирригациялық арықтар мен су жиналатын құдықшалар салу жоспарланып, оның 14-інде жұмыстар аяқталған.
Қауіпсіздік пен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін көшелерді жарықтандыруға ерекше мән беріліп отыр. Аудандағы 896 көшенің негізгі бөлігі жарықтандырылған. Өткен жылы аудан әкімдігі ұсынған 534 көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылып, көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Қазір тұйық көшелер мен өткелдерді қосымша жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғындар ұсынған жоба жүзеге асуда
Аудан әкімі А.Абаев абаттандыру жұмыстарында тұрғындардың ұсыныстары ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
– Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданда 49 жоба іске асырылатын болады. Осы уақытқа дейін оның 30-ы аяқталған, тағы 19 жоба бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл жобалардың қатарында балалар және спорт алаңдарын салу, аулаларды абаттандыру секілді тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бастамалар бар, – дейді аудан әкімі.
Ауданда 262 балалар ойын алаңы және 118 спорт алаңы бар. Оның ішінде балалар алаңдарының 52-сі жеке секторда, 210-ы көп қабатты үйлердің аулаларында орналасқан. Биыл алаңшалардың қатары тағы толығады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы 26 балалар ойын алаңын салу жоспарланған. Оның 20-сы жеке секторға, алтауы көп қабатты үйлердің аулаларына орналастырылады. Қазіргі таңда 17 алаңның құрылысы аяқталған. Спорт алаңдары бойынша да бес жоба жоспарланған. Оның төртеуі жеке секторда, біреуі көп қабатты үйлер аумағында салынады. Қазір бір нысанның құрылысы аяқталған.
Қаратауда тұрғындардың демалатын орындарын көбейту бағытында да жұмыс жүріп жатыр. Ауданда төрт саябақ пен 33 гүлзар бар. Биыл тағы 10 гүлзар салу жоспарланған. Осы уақытқа дейін бес гүлзардың құрылысы аяқталған. Олар Алтын Орда, Мирас, Нұрсәт және Тұран шағын аудандарындағы бірқатар көшелерде орналасқан. Тұран мен Нұртас шағын аудандарында тағы бірнеше гүлзардың құрылысы жалғасып жатыр.
Аудан келбеті де жаңарып келеді
Көп қабатты үйлердің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары да –назарда. Биыл сегіз тұрғын үйдің қасбетін жарықтандыру жоспарланған болатын. Сегіз үйдің барлығында жұмыстар аяқталған.
Аудандағы көп қабатты үйлердің қасбеттері де түрлі тақырыптағы суреттермен көздің жауын алып тұр. Биылғы жоспар бойынша, Нұрсәт пен Тұран шағын аудандарындағы тұрғын үйлердің қасбеттеріне жалпы 3 мың шаршы метр аумақта мурал салынған. Аудан әкімінің айтуынша, мұндай жұмыстар ауданның ажарын ашып, қаланың көркін арттыра түсуде.
Ауданда ономастика бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2024-2025 жылдары 604 көшеге 18 176 дана көше тақтайшасы орнатылған. Осы жылы тағы 170 көшеге 10 мың дана тақтайша орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл әсіресе жаңа құрылыс аумақтарындағы көшелердің атауын нақтылап, тұрғындар мен жедел қызметтердің қажетті мекен-жайды оңай табуы үшін қажет.
Қаратау ауданындағы әлеуметтік нысандардың қатары да толығуда. Жаңа оқу жылы Сайрам тұрғын алабындағы Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжіне арналған 300 орынды жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Осы елді мекендегі №108 және №109 мектептер биыл күрделі жөндеуден өтті.
Әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту қатар жүріп жатыр
Қаратау ауданында әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмайды. Ауданда көпбалалы 221 ана бар. Биыл көп балалы 63 ана «Алтын алқа», 158 ана «Күміс алқа» төсбелгісін иеленген.
Атаулы әлеуметтік көмек бойынша биыл 856 азамат өтініш берген. Оның 650-іне учаскелік комиссия тарапынан оң қорытынды шығарылған. 176 өтініш бойынша көмек қажет емес деп танылса, 30 өтініш әлі қаралу үстінде. Аудан әкімінің айтуынша, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың санын азайтуда тұрақты жұмыспен қамтудың маңызы зор. Мысалы, өткен жылы жоспар бойынша 3 054 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделсе, нақты 3 189 азамат жұмысқа орналасқан. Осылайша жоспар 104,4 пайызға орындалған. Ал, биылғы жоспар бойынша, 2 286 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 1 609 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жоспар 70,4 пайызға орындалған.
Кәсіпкерлік саласында да ілгерілеу бар. Биыл Қаратау ауданында кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес өкілдерінің қаржысы есебінен 94 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар толық іске қосылғанда шамамен 1 800 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жылдың алғашқы үш айында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ауданға 7,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының дамуына жеке сектордың да үлесі артып келе жатқанын байқатады. Алдағы міндет – инфрақұрылымды толық аяқтап, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру
Брифинг барысында аудан әкімі алдағы кезеңдегі маңызды міндеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, аудан аумағында қала әкімінің тапсырмалары негізінде мегаполис мәртебесіне сай бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Әсіресе инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтау, жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен, электрмен және газбен қамтамасыз ету, жолдарды жаңарту, кәріз жүйесін дамыту, көгалдандыру және коммуналдық шаруашылықты жетілдіру жұмыстары жалғаса береді.
Ұлжан КӨГІЛ,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары