Шымкентте Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада «KITAP TIME – 2026» V жалпы республикалық фестивалі аясында «Зерделі ұлт – зерек оқырман» атты тағылымды іс-шара өтті.
Кітап оқу мәдениетін насихаттап, оқырманның әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен іс-шара кітапхана фойесінде ұйымдастырылған «Зерделі ұлтқа бастар рухани жол» атты кітап көрмесінен бастау алды. Көрмеге оқырман қауымға кеңінен танымал «Төле би», «Қасым», «Мазмұндама» баспаларынан жарық көрген таңдаулы шығармалар қойылды.
Іс-шараға Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова қатысып, «KITAP TIME – 2026» V жалпы республикалық фестивалінің кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, фестиваль аясында қала аумағында ұйымдастырылып жатқан түрлі мәдени іс-шаралар тұрғындардың, әсіресе жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Тағылымды кеште №138 жалпы орта мектептің оқушылары Айзере Жұматаева, Әйгерім Әбілдә, Сабина Сагинтай, Айша Кеттебекова, Еркебұлан Әсетбай және Рауан Қуанышұлы қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқыды. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласы филиалының төрағасы, тарихшы-шежіреші, жазушы Момбек Әбдәкімұлы сөз сөйлеп, кітаптың адам өміріндегі орнына тоқталды. Жазушы көркем әдебиетпен сусындап, ілім-біліммен өскен жастың болашағы баянды болатынын тілге тиек етті.
Басқосу барысында «Кітаппен саяхат: Фараби жолымен» жобасының таныстырылымы да өтті. Аталмыш кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова өз сөзінде бұл жобаның ұлы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми-шығармашылық мұрасын дәріптеп, оқырманды ғалымның өмірі мен еңбектерін тереңірек тануға бағытталып отырғанын жеткізді.
«Зерделі ұлт – зерек оқырман» атты іс-шара кітап пен оқырманды тоғыстырған, рухани құндылықтарды дәріптеген мазмұнды мәдени басқосуға айналды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары