Шымкент: Қаратау ауданында инфрақұрылым толық қамтылып, жаңа жобалар іске асуда — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Қаратау ауданында инфрақұрылым толық қамтылып, жаңа жобалар іске асуда

Шымкент қаласының ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі Қаратау ауданында биыл инфрақұрылымды жаңғырту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Халық санының өсуімен қатар тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар желісі және инженерлік инфрақұрылым жүйелері де кезең-кезеңімен дамып келеді.

Бүгінде Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектарды құрайды. Ауданда 331 мыңнан астам халық тұрады. Жалпы саны 19 елді мекен орналасқан аумақта 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй, 223 әлеуметтік нысан және 668 көпқабатты тұрғын үй бар. Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев ауданның негізгі басымдықтары туралы айта келе, биылғы жұмыстар халықтың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

– 2026 жылдың негізгі міндеттерінің бірі ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтіп, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Осы бағытта жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысына да ерекше көңіл бөлінуде, – деді аудан әкімі.

Бүгінде ауданның инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіштері жоғары деңгейге жеткен. Ауыз сумен қамту 99 пайызды, электр жарығы 99 пайызды, ал табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Жоспар бойынша бұл көрсеткіштер кезең-кезеңімен толық 100 пайызға жеткізіледі.

Ауыз су саласында биыл үш аумақты орталықтандырылған жүйеге қосу бағытында жобалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Таскен» тұрғын алабының жаңақұрылыс аумағы, «Сайрам» тұрғын алабы және «Гидрогеолог» шағынауданы қамтылады. Сонымен қатар аудандағы тозығы жеткен су құбырларын жаңарту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.

Электрмен жабдықтау бағытында да нақты жобалар іске асырылуда. Биыл «Сайрам» тұрғын алабындағы ескі электр желілері жаңартылып, абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Гидрогеолог» шағынауданының жаңақұрылыс аумағын электрмен қамту бойынша жобалық құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарында электр желілерін жаңарту мен трансформатор орнату жұмыстары қолға алынған.

Табиғи газбен қамту бойынша «Гидрогеолог» шағынауданының жаңа құрылыс аймағында құрылыс жобалары әзірленіп жатыр. Сонымен бірге «Таскен», «Қызылсу», «Шапырашты», «Өтеміс», «Достық» және «Мәртөбе» тұрғын алаптарының жаңа құрылыс аумақтарын кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосу көзделген.

Ауданда ерекше назар аударылып отырған бағыттардың бірі кәріз жүйесін дамыту. Қазіргі таңда орталық кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 46 пайызды құрайды. Бұған дейін «Тұран» шағынауданында құрылыс жұмыстары аяқталса, «Мирас-1» және «Мирас-2» шағынаудандарында жұмыстар жалғасуда. Алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен кеңейтілмек.

Аудан әкімінің айтуынша, қолға алынған жобалардың барлығы тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға, қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға және Қаратаудың даму қарқынын сақтауға бағытталған.

Толығырақ: https://youtube.com/live/fqepTItcsMg

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...

В Шымкенте индустриальная зона «Жұлдыз» получила железнодорожную инфраструктуру

В индустриальной зоне «Жұлдыз» города Шымкент завершено строительство железнодорожного тупика, предназначенного для обслуживания расположенных здесь промышленных предприятий. С результатами выполненных ...