Спорт күні: Арманнан — жеңіске — Xnews — ақпарат агенттігі

Спорт күні: Арманнан — жеңіске

Спорт күні – медаль мен рекордты ғана емес, жеңіске жету жолындағы табандылық пен жігерді дәріптейтін күн. Спорт адамды шыңдап, алға ұмтылуға жігер береді. Ал спортқа алғашқы қадам көп жағдайда бала кезден басталады. Мысалы көркем гимнастикаға балаларды 3-4 жасынан бастап қабылдайды. Екатерина Лебедьті анасы төрт жасында жаттығуға алып келген. Сол кезде бапкері оның бойындағы қабілетті байқап, спортқа баулыған. Бүгінде Катяның алға қойған мақсаты айқын.

Екатерина Лебедь, спортшы:
«Әлем кубогына қатысқым келеді. Әрі қарай да биік белестерге ұмтыла бергім келеді. Бала кезімнен спортқа қабілетім болды. Жақсы жүгіретінмін, шпагатқа да бірден отыратынмын. Сол қабілетімді байқаған анам мені осында алып келді».

22 жастағы Ақбілек Құралбай да жеңіл атлетикада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі. Ол 2017 жылдан бері түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп келеді. 2023 жылы Кореяда өткен додада 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруден Қазақстан рекордын жаңартқан. Ал Азия чемпионатында екінші орын иеленген. Бүгінде Ақбілек спорттағы жетістіктерін еселеп, биік белестерді бағындыруды көздейді.

Ақбілек Құралбай, спортшы:
«Спортқа келуім кездейсоқ болды. Шұбарсу ауылында жарыс болған. Іріктеуден өтіп қалаға бардым. Сол жерде бапкер Қайрат Қоханбай көріп қалаға шақырды. Солар 2017 ж 13 жасымда келдім».

Евгений Биев үшін рингтегі жарыс жолы артта қалды. Атақты кикбоксшы кезінде талай додада топ жарып, биік белестерді бағындырды. Кейін бапкерлікке бет бұрып, Шымкентте кикбоксингтен жаттықтырушы әрі ушу-саньда мектебін негізін қалаушылардың бірі атанды. Қазақстанның спорт саласының құрметті қызметкері қазір де ізденісін тоқтатқан жоқ. Бүгінде ол садақ атуды меңгеріп жүр. Евгений үшін спорт – жай ғана қимыл-қозғалыс емес, алға жетелейтін қуат көзі.

Евгений Биев, ҚР спорт саласының құрметті қызметкері:
«Садақ ату адамды сабырға, зейін қоюға және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Мұнда әр қателігіңе өзің жауап бересің. Бұл спорт ептілікті, дәлдікті және күшті талап етеді. Садақ атудан алған серпінім өз бойымда сақталады. Сондықтан жаттығудан кейін бокс залына барып, жаттығуды жалғастыруға немесе ушумен айналысуға да күшім жетеді. Қазір садақ ату мен үшін басты бағыттардың бірі. Жалпы спорттың кез келген түрі мені жігерлендіріп, алға жетелейді. Бұл жерде жасқа шектеу жоқ. Зейнетке шыққаннан кейін осы спорт түрімен айналыса бастадым. Енді оның ең биік белестерін бағындыруға талпынып жүрмін».

Спорт жарыспен, медальмен немесе рекордпен бірге аяқталмайды. Ол адамның күнделікті әдетінен, мінезінен және жаңа белестерге деген ұмтылысынан көрінеді. Сондықтан нағыз спортшы үшін жас маңызды емес. Ең бастысы – алға қарай қадам басуға деген ынтаның жоғалмауы.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...