Шымкент қаласындағы Қызғалдақ сарайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Комплаенс қызметтерінің форумы өтіп жатыр. Кәсіби жиынға қаладағы 170-тен аса комплаенс қызметкері қатысуда. Форумның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы жаңа заңнамалық өзгерістерді түсіндіру, комплаенс қызметтерінің рөлін күшейту және олардың жұмысын нақты практикалық нәтижеге бағыттау. Форум кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасады. Бағдарлама екі бөлімге бөлінген. Түске дейін қатысушыларға комплаенс қызметінің жұмысына қатысты теориялық ақпарат беріліп, заңнамадағы соңғы өзгерістер түсіндіріледі. Ал түстен кейін қатысушылармен нақты кейстер бойынша жұмыс жүргізіледі.
Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қанат Қадырбеков комплаенс қызметінің қоғам үшін маңызына тоқталды. «Комплаенс қызметі немен айналысады?» деген сұрақ тұрғындарды жиі мазалайтынын айтқан департамент басшысы бұл институттың квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
– Комплаенс қызметі квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізеді. Бұл институт сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада бекітіліп, оның міндеттері мен бағыныстылығы нақты көрсетілген. Ал оның жұмысын үйлестіру біздің агенттікке жүктелген. Сондықтан бүгін қаладағы 170-тен аса комплаенс қызметкерін жинап, осындай форум өткізіп отырмыз, – деді Қанат Қадырбеков.
Департамент басшысының айтуынша, форум барысында мамандарға заңнамадағы өзгерістермен қатар халықаралық тәжірибе де таныстырылып, кәсіби білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беріледі. Осы мақсатта форумға Республикалық комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жөніндегі сарапшысы Айпара Адибай арнайы шақырылған.
– Форум аясында 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызмет саласына енгізілген жаңашылдықтар түсіндірілуде. Соның бірі – мемлекеттік мекемелердегі құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы қызметін құру мәселесі. Оның бір бағыты комплаенс қызметінің жұмысын үйлестіруге арналған. Сондай-ақ 13 тамыздан бастап комплаенс қызметінің жұмысын реттейтін жаңа үлгілік ереже күшіне енді. Бүгін осы жаңашылдықтардың барлығы талқыланып жатыр, – деді Қанат Қадырбеков.
Кәсіби жиынға арнайы шақырылған сарапшы Айпара Адибай комплаенс институтының жұмысын жетілдіріп отыру қажет деп санайды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға уақытылы өзгерістер енгізіліп тұрады. Себебі комплаенс қызметі қалыптасқалы төрт-бес жыл болды. Осы жылдар аралығында аталған қызметтің жүргізіп жатқан ішкі талдауларының сапасын бақыладық. Егер өзгеріс қажет болса, тиісті бұйрық арқылы бұл қызметке қажетті өзгерістер енгізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – квазимемлекеттік ұйымдардағы процестерде болатын тәуекелдерді уақытылы төмендету және сыбайлас жемқорлықпен нәтижелі күресу, – деді Айпара Адибай.
Жиынның басты ерекшелігі – теориялық ақпаратпен шектелмей, практикалық тапсырмаларға басымдық берілуі. Түстен кейін қатысушылар топтарға бөлініп, ұйым қызметінде туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды бағалау және төмендету бойынша нақты шаралар әзірлейді. Мұндай формат мамандарға жаңа талаптарды меңгеріп қана қоймай, оларды нақты жұмыс жағдайында қолдану тетіктерін пысықтауға мүмкіндік береді.
Ұлжан Көгіл
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары