Креативті экономика бүгінде мәдениет пен өнердің ғана емес, қаланың жаңа экономикалық моделін қалыптастыратын маңызды бағыттардың біріне айналып келеді. Бұл үдерісте Шымкенттің мүмкіндігі ерекше. Өйткені мегаполистің экономикалық әлеуеті, жастарының белсенділігі, кәсіпкерлік дәстүрі мен бай мәдени мұрасы шығармашылық индустрияларды дамытуды қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
Креативті экономиканың негізінде ең алдымен адам капиталы мен зияткерлік еңбек тұр. Білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып, зияткерлік меншікті қорғаудың конституциялық деңгейде бекітілуі осы саланың болашағы үшін маңызды құқықтық негіз қалыптастырады. Мұндай орта шығармашылықпен айналысатын азаматтарға өз идеясын өнімге, ал өнімді тұрақты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік береді.
Шымкент үшін бұл бағыттың тағы бір ерекшелігі – креативті индустрияны ұлттық мәдениетпен сабақтастыру мүмкіндігі. Креативті экономика дегенді тек кино, музыка немесе цифрлық контентпен шектеуге болмайды. Оның құрамына ұлттық қолөнер, зергерлік өнер, этнодизайн, киіз басу, ағаш ою, ұлттық киім тігу және дәстүрлі бұйымдар жасау секілді салалар да кіреді. Демек, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұра қазіргі нарықтың талабына бейімделіп, жаңа экономикалық ресурсқа айнала алады.
Бұл тұрғыда Шымкенттегі Creative Hub секілді алаңдардың маңызы артып отыр. Мұнда жастардың ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыратын практикалық шеберлік сабақтарының өткізілуі – дәстүрді сақтаудың ғана емес, оны жаңа буынға экономикалық мүмкіндік ретінде танытудың да бір жолы.
Мәселен, киізден сырмақ жасау бойынша өткен шеберлік сағатында жастар ою-өрнек таңдаудан бастап, киізге үлгі түсіру, бөлшектерді қиып-жапсыру және қолмен сыру тәсілдеріне дейін үйренді. Мұндай тәжірибенің құндылығы – ұлттық өнердің музейдегі жәдігер ретінде ғана қалмай, қазіргі өмірге бейімделуінде.
Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныстың артып келе жатқаны осының нақты көрінісі. Қонақ үйлер, демалыс орындары мен мейрамханалар интерьерін ұлттық стильдегі бұйымдармен безендіруге қызығушылық танытуда. Бұл қолөнерді әуесқойлық деңгейден шағын бизнеске, ал шағын бизнестен қаланың туристік және креативті экономикасының бір бөлігіне айналдыруға жол ашады.
Алайда мұнда бір маңызды мәселе бар: шығармашылық қабілетті нарықтық өнімге айналдыратын экожүйе қажет. Шеберге тек өнерді үйрету жеткіліксіз. Оған өнім дизайны, бренд қалыптастыру, маркетинг, цифрлық сауда, авторлық құқық, қаржы сауаттылығы және экспорттық нарыққа шығу тетіктері бойынша да қолдау керек. Осы тұрғыдан алғанда қолөнершілердің құқықтық мәртебесін айқындайтын арнайы заң қабылдау туралы ұсыныстардың маңызы зор.
Шымкенттің тағы бір артықшылығы – креативті индустрия мен туризмді өзара байланыстыру мүмкіндігі. Турист үшін қала сәулеті немесе тарихи орындар ғана емес, сол өңірдің өзіндік мәдениеті мен қолөнері де қызығушылық тудырады. Сондықтан жергілікті шеберлердің өнімдерін туристік маршруттарға, қонақ үйлерге, мейрамханаларға, жәрмеңкелер мен сувенирлік сауда орындарына енгізу қосымша экономикалық тізбек қалыптастыра алады.
Бұл жерде жастардың рөлі ерекше. Ұлттық өнерді заманауи дизайнмен, әлеуметтік желілермен және электронды коммерциямен ұштастыра алған жас кәсіпкерлер жаңа нарық қалыптастыра алады. Яғни дәстүрлі сырмақтың өзі заманауи интерьер элементіне, ұлттық ою киім немесе аксессуар дизайнына, ал қолөнер шеберханасы туристік нысанға айналуы мүмкін.
Сондықтан Шымкент үшін креативті экономика – тек жаңа кәсіп түрлерін көбейту емес. Бұл – ұлттық мәдени мұраны сақтай отырып, оны заманауи экономикалық айналымға енгізудің мүмкіндігі. Білім мен инновацияға сүйенген, зияткерлік меншікті қорғайтын және шығармашылық адамдарға жағдай жасайтын орта қалыптасса, қаланың мәдени капиталы нақты экономикалық капиталға айналады.
Шымкенттің міндеті – осы әлеуетті жеке бастамалар деңгейінде қалдырмай, біртұтас экожүйеге айналдыру. Сонда ұлттық өнерді үйренген жас тек дәстүрді жалғастырушы емес, жаңа өнім жасап, жұмыс орындарын қалыптастыратын кәсіпкерге айналады. Ал бұл өз кезегінде Шымкенттің креативті қалалар қатарындағы орнын нығайтып, ұлттық мәдениетті экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары