Шымкент қаласының орталығында орналасқан №101 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауына дауыс беру басталды.
Учаске М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бас корпусында орналасқан. Қаланың орталығындағы ірі сайлау учаскелерінің бірі болғандықтан, мұнда таңертеңнен бастап сайлаушылардың қарасы қалың.
Учаске таңғы сағат 07:00-де ашылды. Алғашқылардың бірі болып 69 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Рәзия Құлымбетова келіп, өз таңдауын жасады. Ақ жаулықты ана сайлауға қатысып, дауыс беруді әр азаматтың ел алдындағы азаматтық парызы деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, елдің болашағы мен келер ұрпақтың жарқын өмірі үшін өз азаматтық міндетін орындау маңызды.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген Рәзия Құлымбетоваға учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы сыйлық табыстады.
Сондай-ақ №101 сайлау учаскесіне алғашқылардың қатарында елімізге танымал киноактер, КВН ойыншысы әрі продюсер Н. Иманқұлов келіп, өз таңдауын жасады. Ол сайлауға қатысып, өз дауысын беруді азаматтық парызы деп санайтынын жеткізді.
№101 сайлау учаскесінде барлығы 1913 сайлаушы тіркелген. Учаскеде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін де барлық жағдай жасалған. Дауыс беруге келген азаматтарға қажетті көмек көрсету құралдары қарастырылған.
«Учаскеде 1913 сайлаушы тіркелген. Барлық қажетті көмек көрсету құралдарымен қамтамасыз етілген», – деді №101 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Сәкен Мәжинбеков.
Айта кетейік, №101 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де ашылып, кешкі 20:00-де жабылады. Дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыстарды санау жұмыстары жүргізіледі.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары