Тұран ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Біржан Қанатұлы мәлімдеді.
Аумағы 36 300 гектарды құрайтын Тұран ауданында 22 шағын аудан бар. Мұнда 232 708 тұрғын тұрады. Аудан бойынша ауыз сумен және электр энергиясымен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен.
Қазіргі таңда Құрсай шағын ауданында ауыз су жүйесіне тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Электр желілерін жаңғырту аясында 8 жиынтық трансформаторлық станция ауыстырылып, тағы 2 жаңа КТПН орнату жоспарланған.
Ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,7 пайызды құрайды. Құрсай мен Жаңаталап шағын аудандарындағы жаңа құрылыс аумақтарын газдандыру жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Айкөл шағын ауданын газбен қамту жобасы 2027 жылы жүзеге асырылмақ.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, аталған жобалар инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіріп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жол сапасы жақсарып келеді
Тұран ауданында жол сапасын жақсарту, ирригация жүйесін дамыту және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Ауданда жалпы саны 1 229 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы – 570,4 шақырым. 2025 жылы ұзындығы 112,3 шақырым болатын 251 көшеге асфальт төселіп, жоспар толық орындалды. Ал 2026 жылы 81 көшеде жалпы ұзындығы 48,05 шақырым жолды асфальттау жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар көшелерде асфальттау жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар аудан көшелеріндегі ирригация жүйесін дамытуға басымдық берілуде. Бүгінде 203 көшеде жалпы ұзындығы 134,5 шақырым ирригация жүйесі салынған. 2026 жылы тағы 41 көшеге, жалпы ұзындығы 22,314 шақырым болатын ирригация желісін жүргізу жоспарланып отыр.
Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 597 көшеде 338,2 шақырым аяқжол салынған. Биыл 26 көшеге жалпы ұзындығы 24,9 шақырым болатын аяқжол салу көзделген.
Көшелерді жарықтандыру мәселесі де назарда. 2025 жылы 375 көше жарықтандырылып, жоспар 100 пайызға орындалды. Ал 2026 жылы 15 ішкі орам көше мен 10 аяқжолды жарықтандыру жоспарланып отыр.
Жол, ирригация, аяқжол және жарықтандыру бағытындағы бұл жұмыстар аудан тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/CiSG4Y5HW2g
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары