Шымкент қаласының Қаратау ауданында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы мәлімдеді.
Қаратау ауданының аумағы 19,5 мың гектарды құрайды. Мұнда 340 мыңнан астам тұрғын тұрады. Аудан құрамында 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 668 көпқабатты үй бар. Сонымен қатар, аумақта 281 әлеуметтік нысан мен 37 демалыс орны орналасқан. Биыл ауданның негізгі басым бағыттарының бірі – инфрақұрылымды дамыту. Қазіргі таңда жолдарды жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның ауыз сумен қамтылу көрсеткіші бүгінде 99 пайызға жеткен. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-не тиесілі ауыз су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Ал Шапырашты тұрғын алабындағы ауыз су жүйелерін коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Таскен, Сайрам тұрғын алаптарының және Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауыз су жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары қолға алынған.
Электр энергиясымен қамту деңгейі 99 пайызды құрайды. Сайрам тұрғын алабындағы тозған электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілсе, Гидрогеолог шағынауданының жаңа құрылыс аумағына электр желісін тарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарында 12,3 шақырым электр желісін ауыстыру және 7 трансформатор орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта 9 шақырым желі жаңартылып, 6 трансформатор орнатылған.
Әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық берілуде
Шымкент қаласының Қаратау ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауданда 668 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 541-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Осы үйлердің жылу жүйелерін алдағы маусымға дайындау мақсатында сығымдау жұмыстары жүргізіліп, белгіленген мерзімге дейін аяқталды. Сонымен қатар, Нұрсәт және Астана шағынаудандарындағы тозығы жеткен орталық жылу құбырларын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Жөндеу 8 нысанда, жалпы ұзындығы 4,9 шақырымнан астам құбырды қамтиды. Аудандағы 281 әлеуметтік нысанның да сығымдау жұмыстары толық аяқталған.
Коммуналдық инфрақұрылыммен қатар, кәріз жүйесін дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауданның кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 46 пайызды құрайды. Мирас-1 және Мирас-2 шағынаудандарында орталық кәріз жүйесін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 896 көшенің жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайды. Биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланып, оның 48-інде жұмыстар аяқталған. Сонымен бірге 8 елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым аяқжол салу көзделсе, қазіргі уақытта 22,5 шақырым тротуар пайдалануға берілді. Жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда 22 ирригациялық нысан салу жоспарланып, оның 14-і аяқталған.
Ауданның қоғамдық кеңістіктерін дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Халық қатысатын бюджет жобасы аясында биыл 49 жоба қарастырылып, оның 30-ы аяқталған. Балаларға арналған 26 ойын алаңын салу жоспарланып, 17 нысан пайдалануға дайын. Сондай-ақ 5 спорт алаңын салу көзделіп, оның біреуі аяқталған.
Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары аясында аудан аумағында қосымша 10 гүлзар салу жоспарланған. Бүгінде оның 5-еуі аяқталды. Бұдан бөлек, 8 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жарықтандыру жұмыстары толық жүзеге асырылған. Көпқабатты үйлердің қасбеттеріне мурал салу бойынша жоспарланған 3 500 шаршы метр жұмыстың 3 000 шаршы метрі аяқталған.
Әлеуметтік бағытта да бірқатар жобалар іске асырылуда. Қыркүйек айында Сайрам тұрғын алабындағы көмекші мектеп-интернат-колледжіне арналған 300 орындық жаңа жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабындағы №108 және №109 мектептерге күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмыспен қамту мәселесі де аудан әкімдігінің басты назарында. 2026 жылы 2 286 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып, қазіргі уақытта оның 1 609-ы жұмысқа орналастырылған. Жыл соңына дейін жоспарды толық орындау көзделіп отыр.
Ауданда кәсіпкерлік пен инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған жобалар да жүзеге асуда. Биыл шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен 94 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда 1 800 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Қаратау ауданында инженерлік инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, жол, абаттандыру, әлеуметтік нысандар және жұмыспен қамту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру жалғасады. Негізгі мақсат – аудан тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/jZaWSWnlizI
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары