Әзербайжанның Баку қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 60-тан астам елінен келген 700-ге жуық жас палуан бақ сынаған дүбірлі додада Қазақстан құрамасы толық құраммен өнер көрсетті.
Чемпионаттың шымылдығын грек-рим күресінің шеберлері ашты. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықты палуандар бақ сынаған байрақты бәсекеде Шымкент қаласының спортшысы Дияр Аманәлі жарыс бойы жоғары шеберлігі мен қайсар мінезін көрсетіп, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Ол алдымен Грекия өкілі Николас Зинисаны айқын басымдықпен жеңіп, кейін ресейлік Эдем Пазиевті 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Грузия спортшысы Гиорги Кеделидзеден 2:1 есебімен басым түссе, жартылай финалда Болгария палуаны Данимир Иордановты жеңіп, финалға жолдама алды. Ал шешуші белдесуде Мажарстан өкілі Кеве Ковачты жеңіп, әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Бұл ел қоржынына түскен тарихи алтын жүлделердің бірі болды.
Ал чемпионаттың соңғы күнінде еркін күрес шеберлері белдесулерін аяқтады. Биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 60 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Мардан Орынбасар жарыстың 1/8 финалында осы салмақтағы Әлем чемпионы, үндістандық балуан Ситендермен кездесіп, 3:13 есебімен жеңілген болатын. Ситендер кейін финалға жетуіне байланысты қазақстандық спортшыны жұбаныш кезеңінде белдесу мүмкіндігіне ие болды. Алғашқы жұбаныш белдесуінде Мардан Солтүстік Македония өкілі Суфьян Синаниден 3:0 есебімен басым түсті. Одан кейін Израиль балуаны Шай Сабагты 5:2 есебімен жеңіп, қола жүлде үшін белдесуге жолдама алды.
Мардан Орынбасар әлем чемпионатының қола медалі үшін өткен белдесуде 2026 жылғы U17 Еуропа чемпионатының қола жүлдегері әрі Анталияда өткен халықаралық Жеңіс кубогінің күміс жүлдегері грузиялық Давит Мдзевашвилимен кездесті. Қазақ балуаны белдесудің алғашқы минуттарынан-ақ бастаманы өз қолына алып, қарсыласына өз күресін жүргізуге мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Орынбасар жоғары шеберлік танытып, 5:2 есебімен қола жүлдені жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен шымкенттік қос палуан әлем чемпионатын жүлдемен аяқтап, халықаралық аренада ел абыройын асқақтатты.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары