Ұлттық рухтың айбыны: Шымкентте «Шымкент барысы – 2026» турнирі өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Ұлттық рухтың айбыны: Шымкентте «Шымкент барысы – 2026» турнирі өтті

Қазақ күресі халқымыздың сан ғасырлық тарихымен бірге жасасып келе жатқан бекзат өнер. Бұл тек күш сынасу ғана емес, ерлік пен елдіктің, намыс пен тектіліктің символы. Ат үстінде жауға шапқан батырлардың қайсар рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ұлттық спорт түрі бүгінде жаңа белеске көтеріліп, халықаралық деңгейде кеңінен танылып келеді.

Бүгін Шымкент қаласында дәстүрлі «Шымкент Барысы – 2026» турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық рухты ұлықтаған айтулы додаға қаладағы ең үздік палуандар жиналып, кілем үстінде өзара мықтыны анықтады. Турнирдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек елімізде спортқа, әсіресе ұлттық спорт түрлеріне ерекше қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.

– Елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Оның ішінде ұлттық спорттың орны ерекше. Қазақ күресі халқымыздың рухани болмысын айшықтайтын, ата-бабадан аманат болып жеткен бекзат өнер. Бұл спорт түрі адамның күш-қайратын ғана емес, мінезін, төзімін, намысын шыңдайды. 2011 жылдан бері қазақ күресі әлемдік деңгейге көтеріліп, халықаралық аренада мойындалды. Бүгінгі жарысқа қатысып отырған жастар сол асыл дәстүрдің лайықты жалғастырушылары. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ күресінің абыройын асқақтату бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді әкімнің орынбасары.

Жиында қазақ күресін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан күрес ардагерлері мен ардагер жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді. Қазақ күресі федерациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының президенті Асхат Мәуленов сала майталмандарына сый-сияпат табыстап, олардың ұлттық спорттың дамуына қосқан еңбегіне ризашылығын білдірді. Турнирдің қазақ күресін кеңінен насихаттау, жастарды ұлттық спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жас буынның бойында елжандылық пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті нығайтудағы мақсаты орындалды десек болады. Залда жанкүйер болған кішкентай спорт сүйер жасөпірімдердің көптігі қуантты.

Бұл жарыс жай ғана турнир болмады. Еліміздегі ең беделді ұлттық спорт додасы саналатын «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңі. Сондықтан әр белдесудің салмағы да, жауапкершілігі де жоғары болды. Биылғы додада 90 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі 22 үздік палуан боз кілемге шығып, өзара күш сынасты. Әрбір белдесу жанкүйерлердің делебесін қоздырып, қазақ күресінің қайталанбас ерекшелігін паш етті. Әдіс пен айла, күш пен қайрат тоғысқан тартысты кездесулер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетерлігі, өткен жылы «Шымкент Барысы» турнирінде Марат Байқамұров жеңімпаз атанса, 2024 жылы Ерсұлтан Мұзаппаров күміс жүлдеге ие болып, республикалық деңгейде Шымкент қаласының мерейін үстем еткен болатын. Биылғы жеңімпаздар да солардың ізін жалғап, қаланың намысын «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде қорғайтын болады. Тартысқа толы белдесулердің қорытындысы бойынша турнирінің жеңімпазы атанып, бас жүлдені Бақтыбайұлы Нұрдәулет жеңіп алды. Екінші орынға Қожагелдіұлы
Нұрсұлтан ие болса, үшінші орынды Нысанәлі Айбол еншіледі. Жарыстың жалпы жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын иегері 600 мың теңге, оның жаттықтырушысы 400 мың теңге иеленсе, екінші орынға – 300 мың теңге, жаттықтырушысына – 200 мың теңге, ал үшінші орынға – 200 мың теңге, жаттықтырушысына 100 мың теңге табысталады. Ең бастысы, турнирдің финалына шыққан үздік екі балуан алдағы уақытта Шымкент қаласының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын болады.

Ұлттық рухты ұлықтап, қазақ күресінің мәртебесін асқақтатқан «Шымкент Барысы – 2026» турнирі тағы бір мәрте шын мықтыларды анықтап қана қойған жоқ, ата-баба мұрасын жалғаған жас палуандардың жігерін жанып, елдік пен ерліктің, намыс пен тектілікті көрсетті.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...