Ұлттық домбыра күніне орай, Шымкент қаласындағы «Қаратау» ұлттық өнер мектебінің ауласында ұлттық аспапқа арналған еңселі «Домбыра» монументі ашылды. Бұл игі бастама–ұлттық өнерге деген құрметтің, дәстүрлі мәдениетті дәріптеудің және өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің нақты көрінісі.
Қазақ халқының ғасырлар бойы ұлт рухын, елдің шежіресін, тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан киелі мұрасы ретінде домбыраға деген құрметі ерек.
– Домбыра – қазақтың жан жүрегі, болмысы, келешегі мен бүгіні. Онда ғасырлардың бізге жеткен сыры, бабалардың толғап өткен жыры, халқымыздың шертілмеген сыры жатыр. Сондықтан, домбыраны ұлықтау – ұлттың рухын ұлықтау деген сөз, – дейді «Қаратау» өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов. Мектеп басшысы өзінің өмір жолының ұлттық өнермен тығыз байланысты екенін де айтты.
– Он үш жасымнан қолыма домбыра алып, айтыс аламанына қосылдым. Өмірлік қызмет жолым да ұлттық өнерден бір сәтке ажыраған емес. Еңбек жолымды Мәдениет басқармасының «Өнер» бөлімінде бастадым. Талай ұлттық жобалардың жүзеге асуына атсалыстым. Кейін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Айтыс» орталығына жетекшілік етіп, жастар арасында дәстүрлі өнерді насихаттау бағытында көптеген жұмыстар атқардық. Бүгінде мыңдаған жасқа ұлттық өнердің қыр-сырын үйрететін еліміздегі бірегей «Қаратау» ұлттық өнер мектебінде еңбек ету – мен үшін үлкен мәртебе, – деді Біржан Байтуов.
Оның айтуынша, монументтің бой көтеруі – мектеп ұжымының ғана емес, ұлттық өнерге жанашыр азаматтардың ортақ қолдауының нәтижесі.
– Мереке қарсаңында жанашыр азаматтардың демеушілігімен мектебіміздің ауласына үлкен «Домбыра» монументін орнаттық. Мектебіміздің табалдырығын аттаған әрбір адамның құлағына алдымен күйдің күмбірі естіліп, жырдың әуені сезіліп тұрса дейміз. Бұл ескерткіш оқушылардың да, ата-аналардың да, қонақтардың да бойында ұлттық өнерге деген ерекше құрмет қалыптастырады деп сенемін, – деді мектеп директоры.
Бүгінде «Қаратау» ұлттық өнер мектебі Шымкенттегі дәстүрлі өнерді дамытуға бағытталған бірегей білім ордасына айналып отыр. Мұнда жас жеткіншектер домбыра, қобыз, жыр-терме, дәстүрлі ән, айтыс өнері сияқты ұлттық мәдениеттің асыл қазыналарын меңгеріп, халқымыздың рухани мұрасын жалғастыруда.
Ұлттық домбыра күні аясында ашылған монумент – тек сәулеттік өнер туындысы ғана емес. Ол – ұлттық сананы жаңғыртатын, жас ұрпақтың бойына елдік рух пен ұлттық мақтаныш сезімін ұялататын тағылымды белгі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу мәселесіне әрдайым ерекше мән беріп келеді. Домбыра күні секілді мерекелердің кең көлемде аталып өтуі де ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін көрсетеді. Себебі ,ұлттық рухтың тамыры – өнерде, ал, сол өнердің алтын өзегі – қасиетті қара домбыра.
Ж.ЕРЖАНОВА
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары