Шымкентте Медицина қызметкерлерінің күні салтанатты түрде аталып өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте Медицина қызметкерлерінің күні салтанатты түрде аталып өтті

Шымкент қаласында Медицина қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл денсаулық сақтау саласы мамандарының кәсіби мерекесі Қала күнімен тұспа-тұс келіп, мерекелік іс-шараның маңызын арттыра түсті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты жиында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жоғары кәсібилігін, жанқиярлық еңбегін және қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтауға қосып жүрген өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.

Денсаулық сақтау саласындағы көп жылдық адал еңбегі мен елеулі жетістіктері үшін үздік медицина мамандары жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мегаполис басшысы Мемлекет басшысының атынан бірқатар қызметкерге «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Сонымен қатар, бірқатар ақ халатты абзал жан қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесінде 16 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Соңғы үш жыл ішінде салада ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілді. Медициналық ұйымдардың заманауи жабдықтармен қамтылу деңгейі 80 пайыздан 88,5 пайызға дейін өсті.

Сонымен қатар, қалалық диагностикалық орталық, балалар клиникалық ауруханасы және көпсалалы онкологиялық орталық заманауи компьютерлік және магниттік-резонанстық томография аппараттарымен жабдықталды. Биыл алғаш рет медициналық ұйымдарға 12 заманауи портативті ультрадыбыстық диагностика аппараты берілді.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары жалғасуда. Бірқатар медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмысы аяқталса, қалалық №3 аурухана мен диагностикалық орталықта жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Шетелдік тағылымдамаларды қаржыландыру көлемі екі есеге жуық ұлғайтылып, нәтижесінде 517 маман Түркия, Израиль және Ресей Федерациясының жетекші клиникаларында біліктілігін арттырды.

Айта кету керек, Медицина қызметкерлерінің күні халықтың денсаулығын қорғау жолында күн сайын аянбай еңбек етіп жүрген, жоғары кәсібилігін, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығын танытып келе жатқан жандарға алғыс білдірудің тағы бір жарқын мүмкіндігі болды.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...