АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өткен салтанатты іс-шарада GGG аңызға айналған былғары қолғап шеберлерінің қатарына қосылды. Ол – бұл құрметке ие болған алғашқы қазақстандық әрі Орталық Азиядағы жалғыз боксшы. Белгілі боксшы Олимпиада ойындарында күміс жүлде алып, әлем чемпионы да атанды.
Геннадий Головкин көрермендерге бокстың оның өмірінің бөлігі болып жүргеніне 35 жыл болғанын айтты. Ал Даңқ залына енгізілуі – оның ең маңызды жетістіктерінің бірі.
Осы айтулы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы GGG-ді арнайы құттықтап, жеделхат жолдады. Президент өз сөзінде Головкиннің бұл жетістігі – отандық спорттың мәртебесін асқақтатқан тарихи оқиға екенін және оның даңқты жолы өскелең ұрпаққа әрдайым зор үлгі болатынын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, салтанатты рәсім барысында Геннадий Головкин өзінің жекпе-жектерге киіп шығып, күллі әлемге қазақ мәдениетін танытқан әйгілі ұлттық шапанын осы Халықаралық бокс даңқы залының музейіне мәңгілікке табыстады. Енді жер жүзінен келген туристер мен бокс жанкүйерлері қазақтың шапанын Нью-Йорктегі музей төрінен тамашалай алады.
Кәсіпқой бокстың жұлдызы қазақтың оюлы шапанын да әлемге танытты. Көпшілікке белгілі ұлттық шапанды Головкинге шымкенттік кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков сыйға тартқан еді. Мінекей, жарқын жеңістердің куәсіндей болған сол ұлттық киім Халықаралық бокс даңқы залының музейінен орын алып отыр. Головкин үшiн арнайы тiгiлген, қазақтың қошқар мүйiз оюымен көмкерiлген шапан қазақ мәдениетін әлемге танытпақ.
Иә, Әбдiмәжит Сыздықбеков спорттың нағыз жанкүйері, қазақтың намысы сынға түсер жарыстардан әрдайым көрініп, спортшыларға дем берiп жүреді. Жақсы ниетпен жасалған оюлы ұлттық шапанға осылайша құрмет көрсетіліп олтыр.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары