Ұлттық футбол құрамасы оқу-жаттығу жиынын алғаш рет Шымкентте өткізіп жатыр — Xnews — ақпарат агенттігі

Ұлттық футбол құрамасы оқу-жаттығу жиынын алғаш рет Шымкентте өткізіп жатыр

Қазақстан ұлттық футбол құрамасы тарихында алғаш рет Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Команда алдағы халықаралық жолдастық кездесулерге дайындық аясында Қажымұқан атындағы Орталық стадионда жаттығуда.

Бір аптаға жоспарланған оқу-жаттығу жиыны 4 маусым күні аяқталады. Одан кейін ұлттық құрама Арменияға аттанып, халықаралық кездесулерге қатысады.

Ұлттық құрама алғашқы жолдастық матчын 6 маусым күні сырт алаңда өткізеді. Ал 9 маусымда FIFA рейтингінде 42-орында тұрған Венгрия құрамасына қарсы алаңға шығады. Бұл кездесулер қазақстандық футболшылар үшін халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.

Бұл жолғы жиынға Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубынан бірнеше ойыншы шақырту алды. Олардың қатарында тәжірибелі Сергей Малый мен Бекхан Шайзада бар. Сондай-ақ ұлттық құрама сапына алғаш рет қосылған жас футболшылар Жасұлан Әмір мен Мағжан Тоқтыбай үшін бұл жиын үлкен жауапкершілік пен зор мүмкіндік саналады.

Айта кетейік, Қажымұқан атындағы Орталық стадион 2025 жылы толық ағымдағы жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Стадиондағы табиғи көгал толық ауыстырылып, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды. Бүгінде бұл спорт нысаны Шымкент футболының ғана емес, еліміздегі заманауи спорт инфрақұрылымының маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.

Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынының Шымкентте өтуі – қаланың спорттық әлеуеті мен инфрақұрылымының жоғары деңгейде екенінің айқын дәлелі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Қосымша. Бас бапкер Талғат Байсуфинов маусым айында Армения және Мажарстанға қарсы жолдастық кездесулерге шақырту алған ойыншылардың тізімін жариялады,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан құрамасының тізімі:
Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»).

Қорғаушылар: Александр Мрынский, Еркін Тапалов (екеуі де — «Қайрат»), Арсен Әшірбек, Әділбек Жұмаханов (екеуі де — «Елімай»), Сұлтанбек Астанов, Сергей Малый (екеуі де — «Ордабасы»), Бағдат Қайыров («Ақтөбе»), Әлібек Қасым, Ян Вороговский (екеуі де — «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Санжар Сатанов («Атырау»), Сағи Совет («Қайсар»).

Жартылай қорғаушылар: Айбол Әбікен, Батырхан Тәжібай (екеуі де — «Қайсар»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Дінмұхаммед Қараман, Станислав Басманов, Бауыржан Исламхан (барлығы — «Астана»), Серікжан Мужиков («Жетісу»), Рамазан Оразов, Алмас Төлібай (екеуі де — «Елімай»), Әділет Садыбеков («Қайрат»), Әбинұр Нұрымбет («Оқжетпес»).

Шабуылшылар: Роман Муртазаев, Иван Свиридов (екеуі де — «Елімай»), Ислам Чесноков («Хартс», Шотландия), Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Мағжан Тоқтыбай, Жасұлан Әмір (екеуі де — «Ордабасы»), Мақсат Абраев («Астана»), Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов (екеуі де — «Ахмат», Ресей).

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...