Президент тапсырмасы: Шымкентте ерекше жандарға арналған орталық салынуда — Xnews — ақпарат агенттігі

Президент тапсырмасы: Шымкентте ерекше жандарға арналған орталық салынуда

Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және ерекше күтімді қажет ететін адамдарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ауқымды жобалар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 150 орындық заманауи оңалту орталығы,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2024 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс бүгінде қарқынды жүргізілуде. Бозарық шағынауданында орналасқан кешеннің жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайды. Жоба 5 блоктан тұрады және халықаралық талаптарға сай жабдықталмақ.

Орталықта І-ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер осы санаттағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік қолдауды жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған.

Кешен аумағында спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық нысандар қарастырылған.

Қазіргі таңда құрылыстың 60 пайызы аяқталды. Барлық жұмыс тиісті талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес жүргізілуде. Нысан құрылысында 262 жұмысшы еңбек етеді.

Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама Шымкенттің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мегаполис ретіндегі әлеуетін арттырып, қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қамқор орта қалыптастыруға серпін береді.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау мен олардың толыққанды қоғам мүшесі болуына жағдай жасауға үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз».– деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырды.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Шымкентте полицейлерден ақша бопсалаған блогер мен екі сыбайласы сотталды

Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де ...