Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Еңбекші ауданындағы жол құрылысы мен көше инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Қазіргі таңда жолдардың 709,5 шақырымы асфальтпен, 18,5 шақырымы тас жолмен, 4,9 шақырымы топырақ жолмен қамтылған. 2025 жылы 195 көшеде жалпы 158,3 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары атқарылып, көрсеткіш 97,5 пайызға жетті.
2026 жылға жоспарға сәйкес, шағал тас жол санатындағы 29 көшенің тұйықтарына асфальт қабатын төсеу көзделген. Бүгінде оның бір бөлігі орындалып, 9 көшеде 6,5 шақырым жолға асфальт қабаты төселді. Сондай-ақ ішкі орамдағы 2 көшенің (0,9 шақырым) тозған асфальт жабыны жаңартылды.
Сонымен қатар, магистралды маңызы бар 9 көшеде асфальт жабындысын ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Олардың қатарында Тәуке хан даңғылы, Ақбастау, Қапал батыр, Тіленшин, Момынов, Сайрам көшелері және өзге де негізгі бағыттар бар.
Аудан аумағында аяқжол салу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы 215 көшеде 256,3 шақырым аяқжол бар, соның ішінде 51 көшеде (33,98 шақырым) жөндеу қажеттілігі анықталған. 2025 жылы жоспарланған 18,2 шақырым аяқжол толық орындалып, 27 көше қамтылды. Сондай-ақ Сайрам көшесінің бойында 1,5 шақырым аяқжол салынды. Қазіргі таңда аудан бойынша 30 көшеде (16 шақырым) аяқжол салу жоспарланып отыр.
Ирригациялық жүйелер бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағында су басу қаупі бар 57 мекенжай анықталып, тиісті іс-шара жоспары бекітілген. Соңғы үш жылда 21,1 шақырым ирригациялық арық орнатылған.
2025 жылы қосымша 20 қауіпті мекенжай анықталып, оның 12-сінде арық жүйелері салынды. Қазіргі таңда су тасу қаупін азайту мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіліп, қосымша ұсыныстар енгізілуде. 2026 жылы 52 мекенжай бойынша қосымша зерделеу жүргізіліп, оның 12-сінде жұмыс басталған, 5-еуі аяқталуға жақын. Қалған учаскелер бойынша тиісті техникалық шешімдер қарастырылуда.
Толығырақ: https://youtube.com/live/czlCc7yeVSU
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары