Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы аясында кәсіпкерлерге арналған мазмұнды семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдің шағын және орта бизнес өкілдері, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен жергілікті өнім өндірушілер қатысты.
Семинардың басты мақсаты – жергілікті өнімдерді дамыту, оларды брендке айналдыру және ішкі әрі сыртқы нарыққа шығару жолдарын түсіндіру болды. Қатысушылар өнімді дұрыс позициялау, маркетингтік стратегия құру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану бойынша нақты ақпарат алды.
Кездесу барысында сарапшылар БАБӨ жобасына қатысу шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, табысты кейстермен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, практикалық кеңестер алды.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің сарапшысы Адель Оңалбай семинардың маңыздылығына тоқталып, былай деді:
«“Бір ауыл – бір өнім” жобасы – бұл тек кәсіп ашу емес, ол жергілікті ерекшелікті сақтай отырып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкіндігі. Біз кәсіпкерлерге идеядан бастап, дайын өнімді нарыққа шығарғанға дейін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Осындай семинарлар арқылы өңірдегі бизнес белсенділікті арттырып, жаңа брендтердің қалыптасуына жол ашамыз», – деді ол.
Айта кетейік, аталған жоба өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Семинар онлайн және офлайн форматта өтіп, оған қатысуға ниет білдіргендер үшін кең мүмкіндік жасалды.
Мұндай бастамалар жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттырып, отандық өнімнің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары