Түркістанда кәсіпкерлерге арналған ауқымды бизнес-кездесу өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістанда кәсіпкерлерге арналған ауқымды бизнес-кездесу өтті

Түркістан облысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған республикалық бизнес-тур аясында маңызды кездесу өтті. Ауқымды жоба еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлерге өз ісін кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беруді көздейді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 6 сәуір мен 4 мамыр аралығында Қазақстанның 17 қаласында өтетін бұл тегін кездесулер кәсіпкерлерге арналған практикалық алаң ретінде ұйымдастырылып отыр. Тур барысында сарапшылар бизнесті жүйелеу, филиалдар ашу, франчайзинг арқылы масштабтау және заманауи басқару құралдарын енгізу бағытында тәжірибелерімен бөлісуде.

Түркістандағы кездесуді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жүргізді. Ол мұндай іс-шаралардың тек теориялық ақпарат берумен шектелмей, нақты шешімдер қабылдауға және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Кәсіпкерлер бүгін тек өз өңірімен шектеліп қалмай, бизнесті кеңейтуге ұмтылуы тиіс. Осындай кездесулер тәжірибе алмасуға, жаңа мүмкіндіктерді көруге және нақты практикалық шешімдер табуға жол ашады. Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі», – деді ол.

Кездесу барысында қатысушыларға бизнес-процестерді жүйелеу, қаржы ағындарын тиімді басқару, CRM жүйелері мен жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ франчайзинг арқылы бизнесті дамыту тақырыптары кеңінен түсіндірілді.

«Атамекен» ҰКП ШОБ дамыту комитетінің төрайымы Гүлбану Майгарина жергілікті бизнесті ұлттық бренд деңгейіне көтеру тәжірибесімен бөлісті.

«Шағын кәсіпкер үшін басты мақсат – өз брендін қалыптастырып, оны нарықта таныту. Франчайзинг пен технологиялық шешімдер арқылы бизнесті масштабтауға толық мүмкіндік бар. Осындай кездесулер кәсіпкерлерге нақты идеялар мен тиімді шешімдер алмасуға жағдай жасайды», – деді спикер.

Жалпы, Түркістандағы бұл жиын кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасып, бизнесті жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолдарын талқылайтын маңызды алаңға айналды. Мұндай кездесулер отандық бизнестің тұрақты дамуына серпін беріп, экономиканың өсуіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

Яндекс.Погода
x

Check Also

Шымкентте Қырғызстанның бизнес ассоциацияларымен меморандум түзілді

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында қырғыз делегациясымен ауқымды кездесу өтті. Жиынға Қырғызстан Республикасы Экономика министрлігінің басқарма басшысы Искандербек Маматов, Кәсіпкерлер палатасының ...

Түркістан облысындағы су айдындарында қауіпсіздік жұмыстары күшейтілді

Шомылу маусымы баталғанда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында ...