ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Шардара ауданындағы ағын су жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты — Xnews — ақпарат агенттігі

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Шардара ауданындағы ағын су жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапары барысында Шардара ауданындағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне арнайы барып, ағын су каналдарын күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аталған округте Ислам даму банкінің қаржыландыруы аясында РШ-2, РШ-2-1 және РШ-3 каналдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бас мердігер –«Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамы.

Құрылыс алаңында мердігер компанияның өкілі атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, канал арналарын механикалық тазалау, топырақпен нығайту және трапеция пішініндегі жаңа арналарды қалыптастыру жұмыстарының жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда ескі арналарды қалпына келтіру, жаңа учаскелерді қазу, сондай-ақ құрылысқа қажетті материалдарды жеткізу және жұмыс алаңдарын дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуге Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев та қатысып, жобаның аудан үшін маңызы зор екенін, бұл жұмыстар суармалы жерлердің көлемін ұлғайтып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетсек, аталған компания жоба аясында Шардара ауданындағы Ақшеңгелді ауылдық округінде орналасқан 4-К-1-1, 4-К-1-2, 4-К-1-3, 4-К-1-4 және 2-Х-1А каналдарына да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жалпы жоба суару жүйелерін жаңғыртуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін арттыруға бағытталған.

Сапар қорытындысында министр «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшылығына барлық каналдардағы құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды, белгіленген мерзімдерді сақтауды және жұмыстардың талапқа сай орындалуын қадағалауды нақты тапсырды. Сонымен қатар, шаруалар тарапынан түскен өтініштерді жедел қарастыру және туындаған мәселелерді уақытында шешу қажеттігін ескертіп, диқандармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...

Ордабасының мақтанышы – әлем чемпионатының күміс жүлдегері!

Қытай Халық Республикасының Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Ордабасы ауданының тумасы Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдегер атанып, Қазақстан ...