Шардарадағы саяси науқанға белгілі спортшы, қол күресінен 12 дүркін әлем чемпионы, «Шардара Армспорт» спорт клубының спортшысы Нұрдәулет Айдархан қатысып, өз таңдауын жасады.
Спортшы Шардара ауданындағы №849 референдум учаскесіне арнайы барып, азаматтық борышын орындап, ел болашағы үшін маңызды саяси науқанда өз дауысын берді. Оның айтуынша, мемлекет дамуы мен қоғамның болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын мұндай шараларға әрбір азамат бей-жай қарамауы тиіс. Айдархан Нұрдаулет – халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі. Оның референдумға қатысуы жастарға үлгі болып, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің артуына ықпал етеді.
«Референдумға қатысу жауапкершілігі адамдарды елдегі мәселелерге тереңірек назар аударуға шақырады. Азаматтар ұсынылған бастамалардың мәнін түсініп, оның қоғамға тигізер әсерін ой елегінен өткізуі тиіс. Осындай саналы таңдау ғана мемлекет дамуының дұрыс бағытын айқындауға көмектеседі. Референдумға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі. Әрбір дауыс маңызды, өйткені ол мемлекет дамуына әсер ететін ортақ шешімнің бір бөлігі болып табылады. Сондықтан референдумға белсенді қатысу – саналы қоғамның белгісі», — деді ол.
Айта кетейік, Шардара ауданы бойынша 33 референдум учаскесі құрылған. Онда 42 978 дауыс беруші тіркелген. Ерекше жағдайды қажет ететін мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудандағы барлық дауыс беру учаскелері бірінші қабатқа орналастырылып, толығымен пандустар орнатылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
