Шымкент: Жол қауіпсіздігі және қозғалыс ыңғайлылығын арттыру бойынша жаңа шаралар қолға алынды — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Жол қауіпсіздігі және қозғалыс ыңғайлылығын арттыру бойынша жаңа шаралар қолға алынды

Шымкент қаласында көлік қозғалысын оңтайландыру және жол қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, бірқатар көшенің қиылыстарында көлік кептелісін болдырмау мақсатында бағдаршам нұсқауларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда:
• Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшесінің,
• Темірлан тасжолы мен Қожанов көшесінің,
• Т.Рысқұлов пен Б.Момышұлы көшесінің қиылыстарындағы бағдаршамдағы қосымша секциялар жасыл түсті «(+)» белгісі бар бағдаршамдарға ауыстырылды.

Бұл өзгерістер көлік қозғалысын реттеп, қиылыстардағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, А-2 тасжолында жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі. 2025 жылғы 12 қарашадан бастап 22 қарашаға дейін Бозарық айналмасынан Тұран шағынауданындағы Қожаберген жырау көшесіне дейінгі аралық жабылады. Осыған байланысты жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Бұдан бөлек, Ю.Сареми және Жаңақұрылыс көшелерінде де жөндеу жұмыстары басталып, 11 қарашадан бастап 1 аптаға дейін көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі.

Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазыбек би және Адырбеков көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріне, сондай-ақ Желтоқсан мен Қабанбай батыр көшелерінің бөлу жолағына жарық шағылыстырғыш (катафот) элементтері орнатылды. Бұл жұмыстар қала бойынша кезең-кезеңімен жалғасын табады.

Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Шаһардағы жарықтандырылған аялдамаларға зиян келтіру фактілері анықталды

Шымкент қаласында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы іске қосылған бастаманың нәтижесінде өткен жылы 600, ал биыл қосымша 752 аялдама павильоны жарықтандырылып, олардың атаулары орнатылған болатын.

Алайда соңғы уақытта кейбір азаматтардың жауапсыз әрекеттері салдарынан вандализм фактілері жиілеп отыр. Жыл басынан бері 175 аялдаманың жарық шамдары зақымдалып, тоқ желілері қасақана кесілген. Қалпына келтірілген нысандардың өзінде 70 аялдамада қайтадан жарық желілерін үзу оқиғалары тіркелген.

Қазіргі таңда барлық деректер бойынша материалдар жинақталып, тәртіп бұзушыларды анықтау және заң аясында тиісті шара қолдану үшін Полиция департаментіне жолданды.

Қала билігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыптылықпен қарауға, ортақ игілікті қорғауға және вандализмге жол бермеуге шақырады. Өйткені қоғамдық орындар – баршамыздың ортақ кеңістігіміз, оны сақтау әр азаматтың азаматтық борышы.

Тассайда 1 700 үйге табиғи газ қосылады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков апта басында Тассай шағынауданының тұрғындарымен бірге табиғи газ қосу рәсіміне қатысты. Газбен қамтамасыз ету жобасының екінші кезеңі аясында 1 700 абонентке көгілдір отын жеткізілмек.

Бұған дейінгі бірінші кезеңде 800 абонент табиғи газды пайдаланып келеді. Жыл соңына дейін қалған үйлерді де коммуналды игілікке қосу жоспарланған.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарға табиғи газды жеткізудің маңызды жаңалық екенін атап, бұл қадамның қаладағы өмір сапасын жақсарту мен инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды іс екенін жеткізді. Сондай-ақ мердігер мекемеге құрылыс сапалы әрі уақытылы атқарылғаны үшін алғыс білдірді.

Жобаның толық жүзеге асырылуы нәтижесінде 3 345 абонентке табиғи газ қосылып, тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы шамамен 70 шақырымға жетеді.

Осы бастама – Тассай тұрғындары үшін тұрмысты жеңілдетіп, қаланың коммуналды инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/tdctUfs06IU?si=S4aLAUl9S6s-D-4L

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...

Шымкентте «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында жастар кездесуі өтті

Шымкент қаласында еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді. ...