«Қуатжылуорталық-3» МКК қызметкері – Бурханов Марат Сабырұлы
«Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының реттеу бөлімінде 4-дәрежелі слесарь қызметін атқарып жүрген Бурханов Марат Сабырұлы – техникалық білімі мен еңбек тәжірибесі мол, өз ісіне адал маман.
Марат Сабырұлы 1985–1988 жылдары Шымкент қаласындағы СПТУ-11 кәсіптік-техникалық училищесінде білім алып, машинист-экскаваторшы мамандығын меңгерді. Алған білімі мен машығын жетілдіру жолында ұзақ жылдар бойы түрлі өндірістік салаларда еңбек етіп, тәжірибе жинақтады.
2018 жылдан бастап «Қуатжылуорталық-3» МКК-де слесарь ретінде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мекемедегі еңбек өтілі 7 жыл. Осы уақыт аралығында ол өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты орындап, ұжымда сенім мен сый-құрметке ие болды.
Тыныш, бірақ нәтижелі еңбегімен көзге түсіп жүрген Марат Сабырұлы – жұмыстың қауіпсіздігі мен сапасына ерекше мән беретін, кәсіби жауапкершілігі жоғары қызметкер. Оның мамандығына деген адалдығы мен техникалық дайындық деңгейі – жас буынға үлгі боларлық.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.
Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
