Шымкент: Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс пен инвестиция көлемі артуда — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс пен инвестиция көлемі артуда

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласының негізгі көрсеткіштері жоспарлы түрде орындалуда. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 51,8 млрд теңгеге жетіп, жыл бойы өндіріс көлемінің тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Есепті кезеңде 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, нәтижесінде 82 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде дәнді дақылдар 7,0 мың гектарды, майлы дақылдар 3,3 мың гектарды, көкөніс-бақша дақылдары 1,8 мың гектарды, ал мал азығы дақылдары 10,9 мың гектарды құрады.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ірі қара мал саны 96,3 мың басқа, уақ мал 97,9 мың басқа, жылқы 21,2 мың басқа, құс басы 1 207,1 мың басқа жетті. Ағымдағы кезеңде 6,6 мың тонна ет, 64,8 мың тонна сүт және 219,3 млн дана жұмыртқа өндіріліп, қала тұрғындарын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейі сақталды.

Ауылшаруашылық саласында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және азық-түлік бағасын тұрақтандыру басты назарда

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 12 жоба аясында 43,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған жобалар қатарында көкөніс қоймасы, құс фабрикасы, 6 сүт өңдеу кәсіпорны, сүт фермасы, жеміс-көкөніс өңдеуді кеңейту жобалары және «Alsera KZ» компаниясының 40 гектарлық жылыжай кешені бар. Қазіргі таңда бұл кешеннің құрылысы толық аяқталып, алғашқы өнім жиналуда.

Сонымен қатар, Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының құны 137 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Жоба Мәртөбе тұрғын алабында жүзеге асырылуда, жалпы аумағы 144 гектарды құрайды. Инфрақұрылымдық желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өнімін өндіру және 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауы бойынша баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тұрақтандыру қорының айналым механизмі аясында ірі сауда желілерімен және өндірушілермен келісімшарттар жасалып, 90-ға жуық сауда нүктесінде негізгі тауарлар белгіленген бағамен сатылуда. Халық тығыз орналасқан аумақтарда «Бақша» атауымен 15 әлеуметтік павильон іске қосылды. Қала аумағында апта сайын 6 орында тұрақты азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жыл басынан бері 340 жәрмеңке өткізілді.

Бағаны бақылау шеңберінде 51 комиссия отырысы өткізіліп, 2 000-нан астам кәсіпкердің қызметі талданды. Сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 226 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде 100-ден астам меморандумға қол қойылды. Қала аумағында азық-түлік тапшылығы жоқ, баға тұрақты бақылауда.

Ветеринариялық қауіпсіздік және санитариялық шаралар кешенді түрде жүргізілуде

Қала аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 10 түрлі жұқпалы ауруға қарсы 1 211 700 вакцинациялық егу жүргізілді. Сонымен қатар, 6 түрлі ауру бойынша 227 793 бас малдан қан сынамасы алынып, диагностикалық зерттеулер өткізілді.

Энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында көктем және күз мезгілдерінде 152 мың ауыл шаруашылығы жануарына қарсы екі рет бүрку және тоғыту жұмыстары жүргізілді. Жалпы аумағы 4,6 млн шаршы метрден асатын қора-жайлар, саябақтар мен гүлзарларда залалсыздандыру шаралары атқарылды.

Масаларға қарсы дезинсекция жұмыстары 14 саябақта 10 рет, 38 өзен мен канал аумағында 5 рет, 49 гүлзар мен аллеяда 5 рет жүргізілді. Кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары жылына екі рет ұйымдастырылып, 38 өзен жағалауы мен суару каналдарының 1,6 млн шаршы метр аумағы және 2 376 қоқыс контейнер алаңы залалсыздандырылды. Бұл шаралар қала тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/sfyNaTciKqo?si=umRmKmXDtHydlwUG

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...

Шымкентте «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында жастар кездесуі өтті

Шымкент қаласында еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ өткізді. ...