2025 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан экономикасының өсуі 6,4% құрады — Xnews — ақпарат агенттігі

2025 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан экономикасының өсуі 6,4% құрады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Онда Мемлекет басшысының экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі міндеттерін ескере отырып, мәселелер талқыланды. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік вице-министрлері, сондай-ақ бірқатар өңір басшылары баяндама жасады. Өз кезегінде вице-премьер Серік Жұманғарин Жалпы ішкі өнімнің өсуі туралы айтты.

«Экономика тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 8,3% болды, ол қызмет көрсету өндірісінің 5,3%-ға артуы есебінен жоғары болып қалыптасты. Салалар бойынша негізгі драйверлер – көлік қызметтері (20,3%), құрылыс (14,7%) және тау-кен өнеркәсібі (9,7%). Сауда 8,8%-ға, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға жоғарылады. Инвестициялар өсудің факторы болып қала беруде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3%-ға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8%. Инвестициялардың ең жоғары өсуі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалуда. Қаржы қызметінде – 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9%-ға, білім беруде – 31,6%-ға, ақпарат және байланыста – 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7%-ға, көлік қызметтерінде – 13,3%-ға өсім тіркелді. Инвестициялардың ең көп өсуі Ақмола (52,3%-ға), Павлодар (50,1%-ға), Жамбыл (33,1%-ға), Алматы (26%-ға) және Ақтөбе (25,3%-ға) облыстарында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау (-21,1%-ға) және Қарағанды (-12,9%-ға) облыстарында», — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, биылғы қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда айналымы $116,3 млрд-ты құраған. Тауарлар экспорты $64,6 млрд, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $23,3 млрд болған. Тауарлар импорты – $51,7 млрд. $12,9 млрд-тан аса көлемде оң сауда балансы сақталып отыр.

Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,9%-ға өскен. Өсу 17 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан (24,1%-ға), Батыс Қазақстан (15,2%-ға), Түркістан (10,9%-ға) облыстарында, сондай-ақ Алматы (16,8%-ға) және Шымкент (15,8%-ға) қалаларында байқалды. Өндірістің төмендеуі Шығыс Қазақстан (-5,5%), Ақмола (-2,5%), Маңғыстау (-1,8%) облыстарында тіркелді.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 11,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 15,2%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 16,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 8,7%-ға, сусындар өндіру – 9,2%-ға, химия өнеркәсібі – 8,1%-ға, мұнай өңдеу өнімдері – 6,5%-ға, металл бұйымдары – 12,8%-ға, құрылыс материалдары – 7,1%-ға ұлғайды. Салалардағы инвестициялар мен өндіріс өсуінің негізгі факторларының бірі «Бәйтерек» Холдингі тарапынан басым бағыттарды қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуі болды. Осы жылдың 11 айында холдинг желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты», — деді вице-премьер.

Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі 9,7%-ға ұлғайып, әлі де жоғары өсу қарқынын сақтап отыр. Бұл мұнай өндірудің 14,1%-ға, табиғи газ өндірудің 16,7%-ға және көмір өндірудің 9,7%-ға артуымен байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру 0,6%-ға қысқарған.

Құрылыста өсу қарқыны баяулап, құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 14,7%-ды құрады. Өсім 19 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары өсу Алматы (38,3%-ға), Астана (32,2%-ға) қалаларында, Солтүстік Қазақстан (31,4%-ға), Қызылорда (28,1%-ға) және Түркістан (27,8%-ға) облыстарында байқалды. Атырау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді (-26,2%).

Есепті кезеңде 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,9%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу (19,4%-ға), Қарағанды (14,6%-ға), Алматы (14%-ға), Қызылорда (12,9%-ға) және Ұлытау (9,8%-ға) облыстарында байқалды.

«Ауыл шаруашылығы маусымдық өсу кезеңіне аяқ басты. Ондағы жалпы өнім көлемі 6,1%-ға артып, қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа жеделдеді. Өсім егін шаруашылығындағы көлемнің 7,6%-ға ұлғаюы арқасында қамтамасыз етілді, бұл қолайлы ауа-райы мен дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігімен байланысты. Екінші жыл қатарынан дәнді дақылдардың рекордтық өнімі қамтамасыз етілді. Өнім көлемі шамамен 27 млн тонна. 1 млн тонна көлемде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемде майлы тұқымдардың рекордтық өнімі алынды. Мақта жинау бойынша жоғары көрсеткіштер күтілуде. Жалпы сала бойынша ең жоғары өсуді Ақмола (15,7%-ға), Қостанай (15,4%-ға), Солтүстік Қазақстан (10,5%-ға) облыстары көрсетті», — деді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсу 12 өңірде тіркелді. Олар – Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Жетісу, Ұлытау облыстары және Астана және Алматы қалалары. Атырау облысында 3 көрсеткіш бойынша төмендеу бар.

x

Check Also

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңинде ақпараттық кеңістікке мониторинга жүргізуді жалғастыруда

Дауыс беру күні жақындахан сайын әлеуметтик желалерде сайлауды әділ ұйымдастыруға күмән келтиретін жарияланымдар санының арта тюсетіні белгілі. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ...

Социальная поддержка, экология и предпринимательство: главные темы агитационной кампании

В рамках предвыборной кампании политические партии продолжают проводить мероприятия в различных регионах страны. Встречи проходят с участием трудовых коллективов, представителей ...