Шымкент қаласының жалпы экономикалық өсімі биылғы 10 айда 14,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика көлемінде екінші орынға көтерілді. Сауда, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция секілді негізгі салаларда тұрақты өсім көрсетіп, осы кезеңде 982 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
«Экономикадағы өсім – қала тұрғындарының белсенділігі мен кәсіпкерлік субъектілерінің серпінді дамуының тікелей нәтижесі. Сауда көлемінің 24,6 пайызға, өнеркәсіп өндірісінің 14,7 пайызға артуы, құрылыс жұмыстары мен инвестиция көлемінің тұрақты өсуі Шымкенттің ішкі нарығының жоғары әлеуетін көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – осы қарқынның бәсеңдеуіне жол бермеу», – деді қала әкімі.
Әкімнің айтуынша, халқы тығыз орналасқан оңтүстік мегаполистің басты капиталы – еңбекқор тұрғындар және олардың ынтымақ-бірлігі.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, экономикалық өсімге ықпал ететін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, адами капиталды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, соңғы жылдары ішкі көші-қонның жоғары болуы есебінен Шымкент қаласының халқы қарқынды өсіп келеді.
Шымкентте өңдеу өнеркәсібі 16,5 пайызға өсіп, жаңа өндіріс орындары іске қосылды
Шымкент қаласында өңдеу өнеркәсібі биылғы 10 айда 16,5 пайыздық өсім көрсетіп, қала экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды. Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында жалпы құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
«Өңдеу өнеркәсібін дамыту – Шымкенттің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығының басты тірегі. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы қаланың индустриялық әлеуетін нығайтып, экономиканы әртараптандыруға және тұрақты жұмыспен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді. Биыл іске қосылған ірі жобалардың әрқайсысы өңірдің өндірістік қуатын еселей түсуде», – деді қала әкімі.
Брифинг барысында Ғ.Сыздықбеков бірқатар маңызды жаңа өндіріс нысандарына тоқталды. Соның ішінде «QazAlpack» компаниясының алюминий құтыларын өндіретін зауыты — өңірдегі ауқымды жобалардың бірі. Кәсіпорынға 30 млрд теңге инвестиция салынып, жылдық қуаты 2,2 млрд дана өнімді құрайды. Зауытта 112 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Sauran Bricks» компаниясының автоклавты газдалған бетон зауыты — құны 7,8 млрд теңгені құрайтын жоба. Кәсіпорын жылына 300 мың текше метр автоклавты газобетон өндіреді. Зауытта 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Шымкентте жаңа өндірістік аймақтар салынып, 900 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асуда
Шымкент қаласында өндірістік аймақтарды дамыту, кеңейту және жаңа инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала аумағында екі жаңа өндірістік аймақ салынуда, тағы үш өндірістік аймақты кеңейту жұмыстары қолға алынған. Бұл аумақтарда жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 13 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
«Өндірістік аймақтарды көбейту – мегаполистің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын айқындайтын маңызды қадам. Инвесторлар үшін инфрақұрылымы толық дайын алаңның болуы шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты біз жаңа индустриялық аймақтар құрып, қолданыстағы аумақтарды кеңейтіп, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастырып отырмыз. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді», – деді қала әкімі.
Ғабит Сыздықбеков екі ірі жобаның аяқталуға жақы екенін атап өтті. Біріншісі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте өңірдің барлық тауар ағынын қабылдап, таратуға мүмкіндік беретін «Өңірлік хаб» құру жұмыстары. Осы мақсатта Сауда-логистикалық орталықты кеңейту жобасы жүзеге асуда және ол келесі жылы толық аяқталмақ. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, сауда мен бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Екіншісі – «Стандарт» жеке индустриялық аймағының іске қосылуы. Мұнда өндірістік аймақпен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары салынған.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
